Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды
Алматы қаласында азаматтық некеде тұрған әйелінің 4 жасар баласын ұрып өлтірген 19 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баланы өлтірді деген айыппен қамауға алынған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот күдіктінің 2023 жылдың тамыз айынан бері жалдамалы пәтерде баланың анасымен бірге тұрып келгенін, былтырғы жылдың қыркүйек айында сотталушы жеке өшпенділік пен баланың әкесінен кек алу мақсатында кәмелетке толмаған өгей ұлы Хантөрені соққыға жыққанын анықтап, оны кәнілі деп тапты.
Сотталушы баланың басы мен асқазанына 8-9 рет ұрған. Соның салдарынан бала бауыры жарылып, ішкі қан кетуден көз жұмды. Ер адам баланы өлімші халде балабақшаға апарып тастаған. Соның кесіренен, бала балабақшадан ауруханаға жеткізілді. Бірнеше күннен кейін ол ауруханада алған жарақаттардан қайтыс болды, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Сот ер адамды өгей ұлын өлтіргені үшін кінәлі деп тауып, 20 жылға соттау туралы шешім шығарды.
Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, 4 жасар Хантөрені анасы азаматтық некедегі күйеуіне қалдырып, жұмысқа кеткен. Сол кезде жас жігіт балдырғанды соққыға жығып, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың жағдайы балабақшада күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген.
Іш құрылысы зақымданған бала төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болған.