Күдікті әйел 7 жылға сотталуы мүмкін
Ақмола облысында зейнеткерлердің сеніміне кіріп, 9 млн теңгесін алдап алған алаяқ қолға түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығында тұратын қарт ерлі-зайыптылар жүгінді. Зейнеткерлер 9 млн теңгеден астам қаражатты алып қойған әйелдің құрбаны болғанын айтқан.
Алаяқ 2022-2024 жылдар аралығында әртүрлі сылтаулармен ерлі-зайыптылардан өз қажеттіліктеріне ақша алып келген. Күдікті ретінде 32 жастағы жұмыс істемейтін жергілікті тұрғын анықталды.
Алаяққа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясы 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді, – делінген полиция хабарламасында.