Демалыс маусымы: Суға шомылудың қауіпсіздік ережелері қандай
Бірнеше маңызды ережені біле жүріңіз
Санаулы күннен кейін жазғы демалыс маусымы басталады. Бұл кезеңде ересектер мен балалар үшін әсіресе судағы қауіпсіздік мәселесі аса маңызды. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдап, вице-министр Ерлан Нұрпейісовтен суға шомылудың қауіпсіздік ережелерін білді.
Сонымен, басты ережелер келесідей:
- су айдындарының жабдықталмаған учаскелері мен «Суға түсуге тыйым салынады» белгілері бар жерлерде шомылуға;
- алкоголь мен есірткіге мас күйде суға кіруге және шомылуға;
- балаларды қараусыз қалдыруға;
- балаларға ересектерсіз суға кіруге;
- жүзу шекарасын белгілейтін қалқы белгілерден асып жүзуге;
- шағын көлемді кемелер мен басқа да жүзу құралдарына қарай жүзуге;
- жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;
- суға қайық, катер, айлақ, жағажай, табиғи құралымдардан (жартас, құз, қойтас, жақтау, қоршау және басқа да заттар), сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан секіруге;
- су объектілеріндегі жаппай демалу орындарының жұмыс уақытынан тыс және (немесе) түнде суға кіруге;
- шағын көлемді кемелерге (оның ішінде еспелі кемелер) кіруге және су астында жүзу үшін пайдаланылатын акватория жағажайлары мен учаскелерінде маневр жасауға (адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кемелерді қоспағанда);
- жалған көмекке шақырып, айғайлауға;
- су айдындарындағы қауіпсіздік белгілерін жоюға (алып тастау), бүлдіруге немесе орнатуға;
- спортқа бейімделмеген орындарда спортпен айналысуға, оның ішінде спорттық ойындар ойнауға;
- су айдындарын ластау мен қоқыстау, кір жуу, жанармай құю, көлік құралдарын жуу және жөндеуге;
- жағада және шешіну орындарында демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға болмайды.
Әкімнің шешімімен бекітілген жаппай демалу, туризм мен спортқа арналған орындарда ғана суға түсу рұқсат етіледі, – деді ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов
БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарда балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелермен жабдықталған арнайы жағажайлар ашылады. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелердің тереңдігі 0,7 метрден 1,2 метрге дейін болады. Учаскелер бір-бірінен 3 метрден аспайтын қашықтықта, түбіне соғылған сақиналарға бекітілген қалқымалар сызығымен орналасады.
Балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелер «суда тұрған екі баланың жасыл шеңбері» бейнеленген белгілермен белгіленеді. Балалардың шомылуы кезінде жағажайдың барлық аумағында шағын көлемді кемелерде жүзуге, ойындар мен спорттық іс-шаралар өткізуге, бөгде адамдардың болуына және шомылуына жол берілмейді. Осы талаптарға сәйкес келмейтін балалардың демалу және сауықтыру орындарын ұйымдастыруға, ашуға және пайдалануға жол берілмейді.
Балаларға 10 адамнан аспайтын, бір рет суға түсу ұзақтығы 20 минуттан артпайтын, арасында үзіліс жасайтын топтарда шомылу ұсынылады. Шомылу және жүзуді үйрету кезіндегі балалардың қауіпсіздігін және әдістемелік басшылықты су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәсілдеріне үйретілген жүзу нұсқаушылары қамтамасыз етеді. Жүзе алмайтын балалар жүзе алатын балалардан бөлек шомылып оқытылады. Балаларды шомылу және оқыту басталар алдында осы қағидаларды сақтау жөнінде нұсқама жүргізіледі. Балаларға қоршаулардан, көпірлерден секіріп сүңгуге, қоршаулардан асып жүзуге рұқсат етілмейді.
Жақсы жүзе алатын 12 жастан асқан балаларға тереңдігі 2 метрге дейінгі жерлерде шомылуға рұқсат етіледі. Бұл орындар бір-бірінен бір метр қашықтықта орналасқан қызыл немесе қызғылт сары түсті қалтқылармен қоршалған. Жағалауда жүзу сабақтарын өткізу үшін су айдынына іргелес алаң қоршалады және соған сәйкес жабдықталады. Балалардың су айдындарында болуына байланысты барлық іс-шара олардың өмірі мен денсаулығына жауапты және су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету әдістеріне үйретілген адамдардың қадағалауымен жүргізіледі, – дейді ведомство өкілі.
Тасқын, өрт, суға шомылу: Балаларды жазда қауіптен қалай қорғаймыз. Қауіпсіз демалыс: Табиғат аясында пикник жасаудың басты ережелері қандай.