×

Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның ата-анасы Президенттен көмек сұрады

Олар қыздарын өлім алдында азаптағанын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 03.06.2022 | 17:44
фото: nege.kz

Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның ата-анасы Men media алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдап, қызының қазасына қатысты қылмыстық істі бақылауды өтінді.

Бұл туралы Nege.kz хабарлады.

Порталдың хабарлауынша, Әсел Айтпаеваның анасы Айсұлу Айтпаева 57 жастағы Бесик Тордуа деген Грузия азаматының  қызын зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айыппен бір жылдан бері қамауда отырғанын, ал шулы іс бойынша нақты шешім қабылданбағанын айтты. Сонымен бірге ол өзін-өзі өлтіргені туралы істі прокуратураға берген тергеушілердің қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеді.

Кездесуде ол қызының өзін-өзі өлтірмегенін дәлелдеу үшін грузиялық тараптың денені тексеру кезінде түсірген фотосуреттерін көрсетті.

Фотосуреттерде қыздың денесінен күйіктің іздері анық көрінеді. Мойнында буындырудан қалған іздер бар. Қызымызды өлім алдында айуандықпен азаптаған, – деді ол.

Осыған байланысты ол әділдікті талап етіп, Қазақстан мен Грузия халқынан істі жария етуге көмектесуді сұрап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жолдады.

Оның айтуынша, қазір Айтпаевтар әулетін қаражат мәселесі қатты қинап тұр. Сараптама жүргізуге, Грузияға ұшуға 500 мың теңге соммасында қаржы керек.

Сондай-ақ, Әселдің ата-анасы Қазақстаннан тыс жерде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен барлық адамдарды еске алуға қор ашқылары келетінін айтты.

Қор зардап шеккендердің туыстарына тегін көмек көрсетіп, заңгерлік кеңес береді, - деді Айсұлу Айтпаева.

Қазір осы іс бойынша ұсталған Мұрат Мейірбековке де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128-бабының 4-бөлігі 2-тармағының және 120-бабының 4-бөлігі 2-тармағының (адам саудасы және зорлау) айып тағылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама