Қауіпсіз демалыс: Табиғат аясында пикник жасаудың басты ережелері қандай
Бірнеше маңызды ережені біле жүріңіз
Күн жылынып, жаз да таяп қалды. Бұл дегеніміз, қазақстандықтар қолайлы ауа райын пайдаланып, табиғат аясында жиі демала бастайды. Сондай танымал демалыс түрлерінің бірі – пикник. Дегенмен, осындай қарапайым көрінген пикниктің өзі табиғатқа, адамға қауіпті болуы мүмкін. Бұған даладағы, ормандағы және елді мекендердегі өрттер дәлел. Сондықтан пикникке шықпас бұрын, негізгі қауіпсіздік ережелерін білген жөн. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдап, вице-министр Ерлан Нұрпейісовтен «басты қауіп – өрт» екенін білді.
Сонымен, орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымда келесі әрекеттерге тыйым салынады:
- қылқан жапырақты жас ормандарда, ескі өрт болған жерлерде, зиян шеккен орман учаскелерінде, кеспеағаш қалдықтары мен дайындалған сүрегі бар, кептірілген шөптері бар жерлерде, сондай-ақ ағаштардың ұшарбастарында от жағуға;
- арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерде мангал, ошақтар орнатуға;
- жанған сіріңкелерді, темекі қалдықтарын тастауға, темекі шегетін түтіктердің ыстық күлін лақтыруға, рұқсат етілмеген жерлерде ашық отты қолдануға және темекі шегуге;
- отшашудың кез келген түрін қолдануға;
- ауа райы жағдайына байланысты жоғары өрт қаупі мен төтенше дәрежедегі қауіп болғанда орман қоры учаскелеріне баруға;
- әйнектер мен шыны ыдыстарды (шыны бөтелкелер, банкалар және тағы басқалар) лақтыруға болмайды.
Өрт сөндірудің бастапқы құралдары (рюкзакты орман бүріккіштері, шапқыштар, шанышқы күректер, суы бар ыдыстар) болған кезде ғана орманның сыртында, яғни ені кемінде 4 метр болатын минералданған жолақтың (орманның айналасында трактормен жыртылған жолақ) сыртында от жағуға болады. Бұл жолақ өрт басталған жағдайда, оның орманға қарай өтуіне жол бермейді.
Пикниктен кейін от толығымен тоқтағанша жермен мұқият көмілуі немесе сумен сөндірілуі тиіс. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 410-бабына сәйкес, өрт қауіпсіздігі талабын орындамағандар үшін тиісті әкімшілік жаза қарастырылған, – дейді ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов.
Тасқын, өрт, суға шомылу: Балаларды жазда қауіптен қалай қорғаймыз. Қазақстанда Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды. Республика бойынша орман өрттерін ерте анықтау жүйесі енгізіліп жатыр. ТЖМ биыл өрт қаупі жоғары болатынын ескертті. Экология министрлігі орман өртін ерте анықтау үшін 4,1 млрд теңге сұрап отыр.