Полиция қылмыстық істі тергеп жатыр
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл Қазақстанда сәби сатудың 3 дерегі тіркелгенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Былтыр елімізде адам сатудың 19 дерегі тіркелді. Қылмыстық істердің басым бөлігі тергелді. Сәби сату дерегі бойынша 16-17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Биыл Қазақстанда жаңа туған сәбиді сату бойынша 3 дерек тіркелді. Барлық қылмыс елімізде жасалған. Онда баланың құны 100 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін бағаланған, - деді Марат Қожаев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Қылмыстық кодекстің 135-бабында кәмелетке толмағандар саудасына барғандарды қандай жаза күтіп тұрғаны жайлы жазылған. Кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.