Полиция көлігін соққан КамАЗ жүргізушісі психиатриялық сараптамадан өтеді
Ол тәртіп сақшыларымен төбелескен болатын
Нұр-Сұлтанда жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
«30 мамырда сағат 17:30 шамасында Өндіріс көшесімен келе жатқан КамАЗ көлігінің 39 жастағы жүргізушісі авариялық жағдай жасап, патрульдік полиция автокөлігіне соқтығысты. Жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетуге тырысты. Полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талаптарын елемей, ер адам азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, айналма жолға шыққан. Құқық бұзушыны ұстау барысында ол басқа патрульдік полиция автокөлігімен де соқтығысқан», – дейді ІІМ.
Жүргізуші өзін агрессивті ұстап, қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Билік өкілдеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот қаулысымен оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Сот психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Бұған дейін елордада КамАЗ жүргізушісі полиция қызметкерлерімен төбелесіп қалғанын хабарлаған едік. Ақтөбе облысында мас жүргізуші жүк көлігінің астына кіріп кетті. Оралда жедел жәрдем көлігі апатқа түсті.