Тасқын, өрт, суға шомылу: Балаларды жазда қауіптен қалай қорғаймыз
Балалар мен ата-аналарға арналған қауіпсіздік ережелері
Оқу жылының аяқталып, оқушылардың каникулға шығатын уақыты да таяп қалды. Бұл әрине қуантарлық жайт, бірақ өкінішке қарай балалармен байланысты оқыс оқиғалардың көбі жазғы демалыс кезінде тіркеледі. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі қауіпсіздік ережелерін білу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдады. ТЖМ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов «бастысы - балаларға сақтық шараларын түсіндіріп отыру керек» дейді.
ТАСҚЫН КЕЗІНДЕГІ ӘРЕКЕТ
Жақындап келе жатқан су тасқыны жайлы халық хабардар етілген жағдайда, сондай-ақ оның алғашқы белгілері болған кезде, ересектер мен жасөспірімдер: суды, газды және электр қуатын ажырату, жанып жатқан жылыту пештерін сөндіру, ғимараттардың жоғарғы қабаттарына (шатырларға) бағалы заттарды көшіру, өзімен бірге су өткізбейтін пакетке салынған жеке құжаттарды, ақша мен құндылықтарды, медициналық қобдишаны, маусымдық сыртқы киім мен аяқ киім жиынтығын, төсек-орын және дәретхана керек-жарақтарын, үш күндік азық-түлік қорын алу қажет.
Заттар мен азық-түлікті чемодандарға (рюкзактар, сөмкелер) салып, тіркеу және қауіпсіз аймаққа жөнелту үшін алдын ала дайындалған эвакуациялық пунктке белгіленген мерзімде келген дұрыс.
Балалар ересектердің қатаң бақылауында болуы керек. Егер су тасқыны адамдар үйде болған кезде болса, онда дүрбелеңге түспей, ересектермен бірге ең жақын қауіпсіз әрі биік орынға, ғимараттардың жоғарғы қабаттарына, үйдің шатырына мүмкіндігінше тезірек орналасып, су арқылы, оның ішінде жүзу құралдарының көмегімен эвакуациялануға дайын болу қажет.
Ал суда қалып қойған жағдайда, ең жақын су баспаған жерге қарай ағыстың бағытымен жүзу керек. Ол үшін бөренелер, тақталар, ағаш сынықтары және тағы сол сияқты адамды суда ұстап тұра алатын барлық затты пайдалану қажет. Балдырлар немесе шөптердің арасына оратылып қалмау үшін абайлап қозғалған жөн, – деді Нұрпейісов.
ШОМЫЛУҒА БОЛАТЫН ЖӘНЕ БОЛМАЙТЫН ОРЫНДАР
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарда балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелермен жабдықталған арнайы жағажайлар ашылады. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелердің тереңдігі 0,7 метрден 1,2 метрге дейін болады. Учаскелер бір-бірінен 3 метрден аспайтын қашықтықта, түбіне соғылған сақиналарға бекітілген қалқымалар сызығымен орналасады.
Балаларды шомылуға және жүзуге үйретуге арналған учаскелер «суда тұрған екі баланың жасыл шеңбері» бейнеленген белгілермен белгіленеді. Балалардың шомылуы кезінде жағажайдың барлық аумағында шағын көлемді кемелерде жүзуге, ойындар мен спорттық іс-шаралар өткізуге, бөгде адамдардың болуына және шомылуына жол берілмейді. Осы талаптарға сәйкес келмейтін балалардың демалу және сауықтыру орындарын ұйымдастыруға, ашуға және пайдалануға жол берілмейді.
Балаларға 10 адамнан аспайтын, бір рет суға түсу ұзақтығы 20 минуттан артпайтын, арасында үзіліс жасайтын топтарда шомылу ұсынылады. Шомылу және жүзуді үйрету кезіндегі балалардың қауіпсіздігін және әдістемелік басшылықты су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәсілдеріне үйретілген жүзу нұсқаушылары қамтамасыз етеді. Жүзе алмайтын балалар жүзе алатын балалардан бөлек шомылып оқытылады. Балаларды шомылу және оқыту басталар алдында осы қағидаларды сақтау жөнінде нұсқама жүргізіледі. Балаларға қоршаулардан, көпірлерден секіріп сүңгуге, қоршаулардан асып жүзуге рұқсат етілмейді.
Жақсы жүзе алатын 12 жастан асқан балаларға тереңдігі 2 метрге дейінгі жерлерде шомылуға рұқсат етіледі. Бұл орындар бір-бірінен бір метр қашықтықта орналасқан қызыл немесе қызғылт сары түсті қалтқылармен қоршалған. Жағалауда жүзу сабақтарын өткізу үшін су айдынына іргелес алаң қоршалады және соған сәйкес жабдықталады. Балалардың су айдындарында болуына байланысты барлық іс-шара олардың өмірі мен денсаулығына жауапты және су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету әдістеріне үйретілген адамдардың қадағалауымен жүргізіледі, – дейді ТЖМ өкілі.
ЛАГЕРЬДЕГІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ
Балалардың жазғы демалыс орындары мен сауықтыру лагерлерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі белгіленген: лагерлерді 1-қабаттан жоғары ағаш ғимараттарға орналастыруға болмайды. Лагерлердің қаңқалы және қалқан ғимараттары сыланып, жанбайтын шатыры мен жанбайтын жылытқышы болуы керек.
Мыналарға:
- ғимараттарды жанғыш материалдармен, оның ішінде сабанмен, жаңқамен, қамыспен, жоңқамен жабуға;
- балалар бар ағаш ғимараттарда асүйлер, кір жуатын орындар орнатуға;
- отқа төзімділігі IV және V дәрежелі ғимараттар мен құрылыстарда 50-ден астам баланы орналастыруға;
- жазғы кезеңде балалар жұмыс істейтін үй-жайларда пеш жағуға, керосинді және электрмен жылыту аспаптарын қолдануға;
- отшашулар жасауға, пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салынған.
Балалардың жазғы демалыс орындарындағы және сауықтыру лагерлеріндегі кір жуатын орындар мен асүйлер балалар орналасатын ағаш ғимараттардан кемінде 15 метр қашықтықта оқшауланған құрылыстарда орналасады. Балаларды сыртқы өртке қарсы сумен жабдықталмаған жазғы демалыс орындарында орналастыруға жол берілмейді. Сауықтыру лагерлері өрт болған жағдайда дабыл сигналымен және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі. Оларда қызмет көрсетуші персоналдың тәулік бойы кезекшілігі белгіленеді.
Балалар лагерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспары және лагерьдің (базаның) схемасы әзірленеді, онда барлық ғимарат, адамдар тұратын орындар (тұрғын үйлер, шатырлар), шаруашылық мақсаттағы орындар, сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтау көздері, автомобильдердің тұрақтары көрсетіледі. Схема лагерь (база) аумағына кіреберісте ілінеді.
Жазғы демалыс орындарының аумағында шатырларды (киіз үйлерді) орналастыру кезінде бір топ алып жатқан аумақтың алаңы (1 немесе 2 қатар) 800 шаршы метрден аспайды. Топтар арасындағы қашықтық кемінде 15 метр, ал шатырлар (киіз үйлер) арасында кемінде 2,5 метр етіп қабылданады.
Павлодар ауданында қамауда отырған балалар құтқарылды. Түркістанда дәрігерлер 7 жасар баланың бауырынан бір уыс құрт алып шықты. Колледждер базасында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагерлері ұйымдастырылады. Балаларды қорғау орталығы азық-түлікті қымбат бағаға сатып алып отырған. СҚО-да оқушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік шаралары сақталмаған. ҰБТ: Ғылым министрі су басқан өңірлердегі түлектерге қандай жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Шиелідегі оқушы өлімі: министр облыс әкімінің орынбасарымен жарты сағат сөйлескен.