Шиелідегі оқушы өлімі: министр облыс әкімінің орынбасарымен жарты сағат сөйлескен
Қызылорда облысында 10-сыныптағылар 9-сынып оқушысын ұрып өлтірген
Бүгінде мектептегі әлімжеттікке қатысты мұғалімдер мен полицейлер Қылмыстық кодекстің нормаларын айтып, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі Оқу-ағарту министріне «Жақында Жамбыл облысында мектепте оқушы баланы ұрып, салдарынан ол көз жұмды. Сондай-ақ кеше Қызылорда облысында 10-сынып оқушылары 9-сыныптың оқушыларын ұрып, бір бала қайтыс болды. Осы жағдайды сіз бақылауға алдыңыз ба? Осындай қайғылы жағдай болмас үшін 8-11 сынып оқушыларына Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіру керек шығар? Себебі, биыл мектептерде әлімжеттік жиілеп кеткен сияқты» деген сұрақ қойды.
Алдымен Ғани Бейсенбаев бұл мәселе бойынша барлық өңірдегі облыс әкімінің орынбасарларын жинап, шұғыл жиналыс өткізгенін айтты.
Барлық мәселені ашық талқылап, өңірдегі әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Былтыр тамыздың соңында Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау үшін кешенді бағдарламаны Үкіметтің қауласымен қабылданды. Осыған байланысты әлемдегі тәжірибені зерттеп, буллингке қарсы ең тиімді жоба ретінде фин жүйесін және «Дос болайық» жобасын қарастырдық, - деді министр.
Сондай-ақ басшы Қызылорда облысындағы қайғылы жағдайға тоқталды.
«Кеше бірден әкімнің орынбасарына тікелей телефон арқылы хабарласып, болған жағдайға қатысты қандай шара қолданып жатқанын сұрадым. Тек бір мектепке қатысты емес, аймақтағы (басқа мектептерге) нақты қандай шаралар қолданылатыны туралы жарты сағаттай әңгімелестік. Павлодар және Жамбыл облысындағы әкімдіктермен де арнайы кешенді жоспар құру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр», - деді Ғани Бейсембаев.
Осы сәтті БАҚ өкілі «Сіздер полицияны ертіп, Қазақстандағы мектептерде 9-11 сынып оқушыларына Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіресіз бе? Мысалы, егер мектепте осындай әлімжеттік болса, Құдай сақтасын, оқушы өліп қалса, осындай заңда нормалар бар, сіздер (оқушылар) заң алдында осылай жауап бересіздер! Ойланыңдар, заңды бұзбаңдар» деп түсіндіру жұмысын жүргізесіздер ме?» деп сұрағын тағы нақтылады.
Ғани Бейсембаев мұндай жұмысты мектептерде мұғалімдер мен полицейлер жүргізетінін еске салды. Олар оқушыларға Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіреді екен.
Өте дұрыс. Осындай ұсыныс бұрыннан енгізілген. Бұл жұмысты сынып жетекшілері, мұғалімдер атқарып келді. Биылдан бастап Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігінің мамандары осы құқықтық заңдарды дұрыс пайдалануға, сауаттандыруға қатысты жұмысты бастап кетті. Бұдан бөлек, барлық мектепте 111 сенім телефоны жұмыс істейді. Оған кез келген бала хабарласа алады. Олар осындай жағдайды айтып, тиісті шағымын жасай алады, - деді министр.
Еске салайық, кеше БАҚ-та Қызылорда облысында 10-сынып оқушылары 9-сыныптағы баланы ұрып өлтіргені хабарланды. Оқиға Шиелі ауданына қарасты Шеген Қодаманов ауылында болған. Күдікті ретінде 2 оқушы қамауға алынып, жергілікті полиция тергеуді бастаған.