Астанадағы көпірден тағы бір адам ажалдан құтқарылды
Ал қызды аман алып қалған азаматтың есімі белгісіз болып отыр
Астанада көпірден секірмек болған қызды Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен қаланың тұрғыны құтқарып қалды.
Polisia.kz порталының хабарлауынша, оқиға 2 маусым күні сағат 12. 15 шамасында Сарайшық көшесінің бойындағы көпірде болған. Сол жерде Ұлттық ұланның № 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ерзат Нұрғалиев, Шон Қадұлрафик пен Фархад Апбазов көпірден суға секіргісі келген қызды байқап қалады. Осы кезде қатардағы жауынгер Ерзат Нұрғалиев жағдайды тез бағамдап, ысқырып, қыздың назарын өздеріне аударады. Сол сәтте қыздың қасынан велосипедпен кетіп бара жатқан азамат не болып жатқанын түсініп, көпірдің шетінде тұрған қызды екі қолымен құшақтап ұстап қалады.
Ұландық жауынгерлер де көпірге шығып, қызды қауіпсіз жерге шығарады. Оқиға орнына келген патрульдік топ бастығы Темірлан Рыстемір азаматпен сөйлесіп, оны жұбатуға тырысады. Полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем шақыртылады.
Кейін 31 жастағы астана тұрғыны өзінің жігітімен ұрысып қалған соң, осындай қадамға барғысы келгенін айтады. Бір айта кететін нәрсе, қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқанда велосипедпен келіп, қызды ажалдан аман алып қалған азамат қарапайымдылық танытып, еш үндемей үйіне кетіп қалған. Оның кім екені белгісіз болып отыр.