Halyq Uni логотип
×

БҚО әкімдігі су тасқынынан кейін салынып жатқан жаңа үйлерге қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

Сырым ауданында 253 үйді су басқан

 Динара Амантай 21.05.2024 | 11:43
БҚО әкімдігі су тасқынынан кейін салынып жатқан жаңа үйлерге қатысты ақпаратқа түсініктеме берді
Фото: Мейірбек Тажқұранов

«Мой город» газетінде «Новые дома строят родственникам госслужащих – пострадавшие от паводка в ЗКО» атты мақаласында су тасқынынан қираған баспаналардың орнына салынатын үйлердің барлығы дерлік мемлекеттік қызметкерлердің туыстарына тиесілі екендігі жазылған. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мақалада айтылған ақпаратты жоққа шығарып, мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы 28 наурызда аудан әкімінің №4 шешімімен аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Ал 29 наурызда аудан әкімінің №5 шешімімен материалдық шығынды есептеу, зардап шеккен объектілерді және халықты тексеру жөніндегі комиссия құрылды.

Комиссия құрамына аудандық маслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, мекеме басшылары мен мелмекеттік қызметкерлер енген. Комиссия мүшелері зардап шеккен объектілерді анықтау мақсатында биылғы 30 наурыздан бастап тұрғын үйлерді, объектілерді аралау жұмыстарын бастап, су басқан нысандардың тізімін жасақтады.

Комиссия нәтижесінде аудан бойынша 253 үйді су басқаны анықталып, техникалық қорытынды шығарушы мердігер мекеме актредитациядан өткен, арнайы лицензиясы бар «Даумшар» ЖШС анықталды. Тіркелген 253 үйдің ішінде 114 үйдің (Жымпиты ауылында 49 үй, Өлеңті ауылында 39 үй, Бұлдырты ауылында 25 үй, Көздіғара ауылында 1 үй) тұруға жарамсыздығы анықталып, жаңадан салынатын болса, 139 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Құрылыс жұмыстарын 8 мердігер мекеме жүргізетін болады. Қазір құрылыс жұмыстары басталып, жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Мақалада жазылғандай жаңа үйлер мемлекеттік қызметкерлердің жақындарына салынып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені жаңадан салынып жатқан 114 үй иелерінің барлығы – осы ауданның  тұрғындары, – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ, тұрғын үйі жарамсыз деп танылған 114 үйдің иелерінің тізімі Сырым ауданы әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында және ресми сайтында жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама