Су тасқыны болған өңірлерді түлектерге қосымша 12 мың грант беріледі
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл су тасқыны болған өңірлерде түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) қалай тапсыратынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы талапкерлерге ҰБТ тапсыруға 5 мүмкіндік беріледі. Оқушылар қаңтар мен наурызда ақылы түрде білімін тексере алады.
Негізгі екі ҰБТ мамыр, маусым, шілдеде өтеді. Соңғы бесінші мүмкіндік тамызда болады. Бұл ақылы түрде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді. 16 мамырдан 5 шілдеге дейін 14 өңірде ҰБТ тапсыру басталды. Тест тапсыруға 2 мүмкіндік қарастырылған. Тасқыннан зардап шеккен 6 өңірде (ҰБТ-ны) 25 мамырдан 12 шілдеге дейін өтеді. Бес күнде 12 мыңнан аса талапкер тестілеуден өткен. Әзірге төтенше жағдай, бұзақылық болмады, - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.
Су тасқыны болған 6 өңірде түлектер үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
«Біріншіден, сол өңірдегі балаларға көп уақыт беру үшін олардың тестілеу мерзімі шегерілді: 1 маусымнан 12 шілдеге дейін. Балаларға 47 күн беріп отырмыз.
Екіншіден, биыл мемлекеттік тапсырыстың 20 пайызы, яғни 12 мың грантты бөлек сол зардап шеккен өңірлерге бөліп отырмыз.
Үшіншіден, биыл негізгі ҰБТ-ны 6 өңірде тапсырған балалар төмен бал алып қалса, қаңтар және наурызда алған ҰБТ балдарын қолдануға мүмкіндік береміз. Ерекше жағдайды ескеріп, тек биыл осындай шешім қабылдап отырмыз. Яғни (тасқыннан) зардап шеккен өңірлердегі балаларға министрлік тарапынан толық қолдау бар», - деп сөзін түйіндеді министр.