Halyq Uni логотип
×

Стресс кезінде спорт қалай көмектеседі?

Алдымен сізге қандай спорт түрін ұнайтынын анықтап алыңыз

 Халық үні 20.05.2024 | 18:18
Стресс кезінде спорт қалай көмектеседі?
Фото: DPA /ТАСС

Сандық технологиялар мен виртуалды платформалардың дамуы адамдар арасындағы қарым-қатынасты азайтып, стресс пен депрессияның туындауына ықпал етіп жатыр. Мұндай жағдайда психологиялық көмектің маңызды екені түсінікті. Сондай-ақ ауыр эмоция мен күйзелістен арылудың ең тиімді әрі қолжетімді жолы спорт екенін ұмытпаңыз.

Сіз спортзалға бармас бұрын эмоционалды күйіңізді анықтап, спорттың қандай түріне жақын екеніңізді түсініңіз қажет:

  • Ұзаққа созылған стресс әсерінен кортизол мен адреналин деңгейі жоғары болса, мейлінше жылдамдығы төмен, ми мен денені тыныштандыруға көмектесетін спорт түрін таңдаған дұрыс. Мұндай кезде йога немесе далада жай ғана серуендеу пайдалы.
  • Қайталанатын стресс кезінде орташа қарқынды жаттығуларды жасауға болады. Мысалы, жүзу, гимнастикамен айналысу, жүгіру немесе велосипед тебу.
  • Стресс апатияға өте бастағанда бокс немесе футбол сынды спорт түрлерімен шұғылдану керек. Мұндай жағдайда баскетбол мен волейбол сияқты командалық спорт түрлері де жақсы көмектеседі.

Сондай-ақ стреспен тиімді көмектесуге мүмкіндік беретін спорттың түрі – би. Ол сіздің психоэмоционалды жағдайыңызға оң әсер етеді.

Сіз жаттығу жасағанда ағзада кортизол деңгейін төмендететін эндорфин мен серотонин бөлінеді. Эндорфин, яғни «бақыт гармоны» ағзаға эйфориялық әсер сыйласа, серотонин көңіл-күйді жақсартып, жүйкеге оң әсерін тигізеді. Таңертеңгі жаттығуларды жасаған кезде де серотонин деңгейі артады.

Стресспен күресу үшін тек ауыр спорт түрлерімен шұғылдану міндетті емес. Кез келген физикалық белсенділік денедегі бұлшық етті босаңсытып, адамды тыныштандырады. Ең бастысы жаттығулар жан мен тәнге жайлы болып, депрессиялық жағдайды асқындырмауы керек.

Сонымен қатар шотланд дәрігері Уильям Буханның «Спортпен айналыспайтын адамның ғұмыры қысқа болуы мүмкін» деген сөзін ұмытпаңыз.

Бекболат Құлманов

Серіктес жаңалықтары

Сараптама