Halyq Uni логотип
×

Колледждер базасында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагерлері ұйымдастырылады

Жаз айларында 400-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр

 Динара Амантай 20.05.2024 | 17:40
Колледждер базасында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагерлері ұйымдастырылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Абай облысындағы колледждер базасында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагерлері ұйымдастырылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.ℹ️

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, осы жазда төрт колледж базасында кәсіптік бағдарлау лагерлерін ашу жоспарланған. Бұл лагерьлер балаларға демалумен қатар, түрлі салада өздерінің кәсіби дағдылары мен қызығушылықтарын дамытуға бірегей мүмкіндік береді. Жаз маусымында 400-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр.

Алғашқы болып «ЭКОorman» лагері Бесқарағай колледжінде ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты — балалардың жазғы демалысын, экологиялық тәрбие алуы мен терең экологиялық білімді қалыптастыруға арналған.

Лагерь балалардың физикалық, психикалық және эмоционалдық денсаулығын нығайтуға, экологиялық мәдениетке тәрбиелеуге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Жобаның бірегейлігі – балалардың қоршаған ортаға және еңбекке эстетикалық қатынасын қалыптастырудың ғылыми-білім беру бағытында ұйымдастырылуында. Мұнда ландшафтты дизайн, флористика, гүлдер, ағаштар мен көкөністер отырғызу, жылыжайда жұмыс істеу, сондай-ақ мамандықтар бойынша шеберлік сыныптары қамтылған. Сонымен қатар Шошқалы көліне экскурсия жоспарланған.

Радиотехника және байланыс колледжінің базасында құрылған «SmartkriS» кәсіптік бағдарлау лагері танымдық және жобалық жұмыстар арқылы IT-құзыреттер саласына бағыттай отырып, баланың әлеуметтік қалыптасуы мен дамуына жағдай жасайды. Бұл жобаның бірегейлігі «World Skills» халықаралық стандарттарына сәйкес IT-бағытты дамытуында. Балалар оқытудың ойын моделі арқылы жобаларын қорғайды. Балалар компьютерлік графика, веб-дизайн, бағдарламалау, мобильді робототехника, желілік және жүйелік басқару, заттар интернеті, ақпараттық кабельдік желілер, электроника және CAD инженерлік графикасы сияқты бағыттармен айналыса алады.

Геологиялық барлау колледжінің базасында «Жас геолог» кәсіптік бағдар беру лагері ашылады. Оның мақсаты – геология ғылымдарына баса назар аудара отырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жастарды геология саласына тарту және танымдық қызығушылықтарын дамыту. Жобаның бірегейлігі – ғылыми зерттеулер мен туристік маршруттар арқылы жердің құрылымын зерттеу. Лагерь бағдарламасы аясында балалар минералогия мен петрографияны, геологияны, гидрогеологияны, магнитометрияны, мұнай мен газды іздеуді, қауіпсіздік техникасының негіздерін зерттейді. Лагерь 60 баланы қабылдайды.

Электротехникалық колледж базасындағы «ІТ-лагерь» кәсіптік бағдар беру жазғы лагерінің мақсаты – оқушылардың жұмысшы мамандықтарына және өндірістік процестерге деген қызығушылығын дамыту. Жобаның ерекшелігі – оқушыларды хакатондарға, стартаптар байқауларына және IT-бағыттағы жарыстарға қатысуға дайындау.

Сондай-ақ, Бизнес және сервис колледжі базасында жылда «Profi Camp» жазғы демалыс лагері жұмыс істейді. Лагерь 8 жастан 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналған. Белсенді демалысты, сауықтыруды және ерте кәсіптік бағдарлауды біріктіретін бірегей бағдарлама ұсынылған. Бағдарламада бес негізгі бағыт бар: «Жас аспаз», «Тәтті өмір», «Өз-өзіне стилист», «Сән және дизайн ханшайымы», «Біз туристпіз». Бұл бағыттар балалардың интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ құнды білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Кәсіптік бағдарлау лагерьлерін ұйымдастыру мектеп оқушыларының кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және оларды әртүрлі салалардағы болашақ мамандықтарға дайындауға бағытталған. Лагерьлердің әрқайсысының бағдарламасы нақты құзыреттерді дамытып қана қоймай, балаларға практикалық білім мен тәжірибе алуға көмектеседі. Бұл олардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды қадам болады, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама