Былтыр еліміздің курорттарында 3,8 млн-нан астам адам демалған
Туристер арасында Алматы тау кластері ең танымал орындардың бірі болды
Туризм және спорт министрлігі статистикалық деректерге сүйене отырып, былтыр еліміздегі 19 курортты аймақта 3,8 млн адамнан аса турист демалғанын хабарлады.
Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 311 мың адамға өскен. Нәтижесінде курортты аймақтардағы қонақ үйлер былтыр 130 млрд теңгеден астам табыс тапты.
Туристер арасында Алматы тау кластері – ең танымал орындардың бірі. Былтыр бұл курортты аймаққа 2,3 миллионнан астам адам келген. Кейінгі орындарға Маңғыстау курортты аймағы (356,2 мыңнан астам адам), Щучье-Бурабай курортты аймағы (305,4 мың адам) мен Абай облысының Алакөл көлі жағалауы (205,8 мың адам) орналасқан.
Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, жыл сайын отандық курорттарда демалатын туристер саны артып келеді. Бұл еліміздегі аталған аймақтардың тартымдылығын және Қазақстанның туристік әлеуетіне қызығушылықтың артқанын аңғартады. Мұндағы мақсат – әрбір қонақ еліміздің ыстық ықыласы мен қонақжайлылығын сезінуі үшін туристерді қабылдау шарттарын одан әрі жетілдіру.