Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда 70 жастағы анасын өлтірген ер адам ұсталды

Оған дейін полицейлер оны 9 көліктің әйнегін сындырғаны үшін ұстап, артынша босатқан

 Динара Амантай 03.06.2022 | 15:39
Қарағандыда 70 жастағы анасын өлтірген ер адам ұсталды
Фото: Halyq Uni

3 маусым күні сағат 00.35-те «102» пультіне Қарағанды қаласы Гапеев көшесіндегі № 29 үйдің алдында ер адам аулада тұрған тоғыз автомобильдің әйнегін сындырғаны туралы хабарлама түскен.

 Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қарағанды қалалық полиция полкінің наряды осы үйдің 34 жастағы тұрғынын «ізін суытпай« ұстады. Ол бұрын сотты болмаған. Күдікті полицияның Оңтүстік-Шығыс бөліміне жеткізілді. Наркологиялық диспансерде жүргізілген медициналық куәландыру бойынша ұсталған азаматтың денсаулық сақтау органдарында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрмайтыны анықталды, – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын және ол жасаған аса ауыр емес қылмысты ескере отырып, тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін екі сағаттан соң ер адамды үйіне жіберген. Алайда, сол күні сағат 07.55-те жоғарыда аталған мекенжайдағы пәтерлердің бірінен әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Әйел сол күні түнде көліктердің терезесін сындырған ер адамның 70 жастағы анасы екені анықталды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінен күдіктіні ұстады. Ол көршілеріне келтірілген залалды өтеуге қатысты анасымен туындаған жанжал барысында оған пышақ жарақатын салғанын айтты, – деп мәлімдеді Ернат Қалиақпаров.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама