Елордада Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған жарыс өтті

Қымбат Елтайқызы

Сайысқа жастар қатысты

фото: Астана әкімдігі

Астананың Триатлон саябағында «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған жарыс өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Жүсіпов «Жас сарбаз – патриот ордасы» жобасы аясында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армияның тұңғыш генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған кезекті іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Бәсекеге 150 ұл мен қыз қатысты, деп мәлімдеді елорда әкімдігі.

«Жас Сарбаз» қозғалысына бір жылға жуық уақыттан бері мүшемін. Осы уақыт ішінде көптеген жаңа дос таптым. Барлық кездесу мен іс-шараға қатыса алмаймын. Бірақ спорттық іс-шараларды ешқашан жіберген емеспін. Бүгінгі жарысқа қуана қатысамын. Өйткені сынға түсіп, спортта өз мүмкіндіктерімді сынағанды ұнатамын. Достарыммен бәс жасадым, енді жарыстың басталуын асыға күтемін, – деп бөлісті қатысушылардың бірі Мадина Әмірғали. 

Жарыс екі қашықтықта өтті: ұлдар үшін – 6 шақырым, қыздар үшін – 3 км. Мәреге жеткен алғашқы 6 адамға төсбелгі, алғыс хат және «Жас Сарбаз» қозғалысының символикасы бар заттар берілді.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Elorda Cup:14 боксшымыз жеңіске жетті (ВИДЕО).