«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Елде жүргізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасының алғашқы аптасында көші-қон заңнамасын бұзудың 17 мыңнан астам дерегі тіркелді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 13 мыңға жуық адам жауапқа тартылған. Мұндай фактілердің ең көбі Алматы облысында (1 715 дерек), Қарағанды облысында (1 437 дерек) және Астана қаласында (1 272 дерек) тіркелген.
Сонымен қатар жыл басынан бері тұрғын үйлерде тұрмайтын адамдарды тіркеудің 419 фактісі анықталды. Шымкентте 152, Алматыда 91, Алматы облысында 87 және Астанада 28 осындай жайт тіркелген. Қазақстанның 1 267 азаматы өздерінде шетелдіктердің тұрақтағаны туралы құзырлы органдарға уақытында хабар бермеген. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Одан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тиісті құжаттарсыз пайдаланған 289 қазақстандық жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шетелдік жұмыс күшін тиісті құжаттарсыз бірнеше рет жұмысқа қабылдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деді көші-қон қызметінің басшысы.
Шетелдіктер тарапынан 3 126 көші-қон заңнамасын бұзу, оның ішінде 1 655 елде болу мерзімін бұзу және 832 еңбек қызметін заңсыз іске асыру фактісі анықталды. Шетелдік құқықбұзушылардың ең көбі – Алматыда (432), Шымкентте (226), Алматы облысында (334) және Қарағанды (251), Жетісу облыстарында (239). Сот шешімімен елден 284 адам шығарылды. Олар енді Қазақстанға 5 жыл кіре алмайды.
ІІМ көші-қон заңнамасын бұзу фактілері ҚР азаматтары мен заңды тұлғалар тарапынан анағұрлым жиі тіркелетінін ескере отырып, қазақстандықтарды заңда белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады.