Жетісу командасы – былтырғы марафон-бәйгенің жеңімпазы
Астанада «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жорық жеңімпаздарының жанкештілігін арқау еткен фильмнің шынайы кейіпкерлері кинокартина туралы пікірін білдірді. Он төрт күнге созылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің жеңімпазы – Жетісу команданың жетекшісі Руслан Досжанов фильмнің алғаш рет түсіріліп отырғанын және туынды сонысымен де құнды екенін айтты.
«Бұл – бұрын-соңды болмаған тәжірибе. «Құлагер» фильмін актерлер ойнаған болса, бұл фильмде барлығы шынайы дүние. Осы «Ұлы дала жорығындағы» әр командаға жеке оператор бөліп, халыққа осындай деңгейде көрсету – біздің баяғыдан аңсап келе жатқан арманымыз. Осы арқылы қаншама қазақ баласын атқа мінгізіп, рухын көтеруге болады. Қазақтың қазанаты мен азаматтарының 1300 шақырымды 14 күнде еңсеруі қазақтың жылқымен бірге туғанын көрсетеді», - дейді Рүстем Досжанов.
Фильмде 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен еді. Марафон 14 кезеңге бөлініп, оған еліміздің 19 өңірінен бір командадан қатысты.
Екінші марафонның қорытындысы бойынша 1300 шақырым жолды 93 сағат 47 минут 43 секундта жүріп өткен Жетісу облысының командасы абсолютті чемпион атанды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының шабандозы Мағжан Абдолұлы 50 шақырымды 1 сағат 33 минутта жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты.
Фильмде ат марафонына қатысушылар сапар барысында басынан өткен оқиғалары туралы әңгімелеп, шынайы эмоциясымен бөлісті.
Деректі фильмнің тұсаукесеріне келген қонақтардың қатарында былтыр осы марафон-бәйгеге қатысушылар, спорт саласының өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері және т.б. болды.
Айта кетейік, осы жексенбіде Павлодар - Астана бағытында үшінші «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады.