Астанада «Ұлы дала жорығы» фильмінің тұсаукесері өтті
Астана қаласында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жорық жеңімпаздарының жанкештілігін арқау еткен фильмнің шынайы кейіпкерлері кинокартина туралы пікірін білдірді. Маңғыстау облысының намысын қорғайтын «Көкмойнақ» командасының жетекшісі Исенбай Қалдыбаев алдағы жексенбіде Павлодар - Астана бағытында өтетін үшінші «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің маңызы туралы айтып өтті.
«Ұлы дала жорығы» билы қатарынан үшінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Екеуіне де қатысып, жеңімпаз командалардың қатарынан көрінгенбіз. Жорық – қазақ даласының лабораториясы. Жылдан жылға «Ұлы дала жорығы» марафонының мазмұны, философиясы дамып келе жатыр. Тұлпарларымыз төрт тұяқпен кең далаға мөр басып, ата аманатын біздер жалғастырып жатырмыз. Біздің де мақсатымыз – әлемге қазақ тұлпарының мықтылығын таныту. Бабадан қалған асыл мұраны өскелең ұрпаққа жеткізсек дейміз», - дейді команда капитаны.
Фильмде марафонға қатысушылар сапар барысында басынан өткен қызық оқиғасы туралы әңгімелеп, шынайы эмоциясымен бөліседі. Олар бәйге-марафонына қатысып, көшпенділердің шынайы әлеміне енуге мүмкіндік алғанын айтады.
Екі жыл ішінде тек Қазақстан емес, өзге елдердің де назарын аударып жатыр. Фильмнің шығуы, шындығына келгенде, қандай қиындық болмасын, біздің жігіттеріміз намысты қолдан бермейтіндігін, тұлпарларымыздың қандай сынды бағындырып өтетінін көрсетеді. Фильм арқылы біздің кең даламыз әлемге танылады. Осы арқылы басқа елдермен сынға түскенде тұлпарларымыз озып шығатынымызға күмән келтірмейміз, - дейді ол.
Фильмде 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен еді. Марафон 14 кезеңге бөлініп, оған еліміздің 19 өңірінен бір командадан қатысты.
Екінші марафонның қорытындысы бойынша 1300 шақырым жолды 93 сағат 47 минут 43 секундта жүріп өткен Жетісу облысының командасы абсолютті чемпион атанды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының шабандозы Мағжан Абдолұлы 50 шақырымды 1 сағат 33 минутта жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты.