ШҚО-да ірі есірткі тарату арнасы жойылды
Күдікті 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
ШҚО-да есірткі тарату арнасы жойылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оңтүстік өңірден ШҚО-ға синтетикалық есірткі тасымалдайтын ірі арнаның жолын кесті.
Тәртіп сақшылары Өскемен-Алматы автожолында Алматы облысының 26 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Land Cruiser автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тінту кезінде жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заты бар 4 полимерлі пакетті тапты. Сонымен қатар көліктің багажынан ұқсас заты бар тағы 15 орама табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон болып шықты. Жалпы салмағы – 1 келі 850 грамм. Бұл – бір реттік 6 мыңнан астам доза.
Жауап алу барысында ер адам есірткіні Астана мен Павлодарда таратқанын айтқан. Оған қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды.
Қазір күдікті қамауда отыр. Енді ол мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.