×

Биылғы оқу жылын 4 млн-ға жуық оқушы аяқтайды

186 мың түлек мектеппен қоштасады

 Дастан Жұмабекұлы 16.05.2024 | 14:08
Фото: egemen.kz

Биылғы оқу жылын еліміз бойынша 3 820 703 оқушы аяқтайды.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, шамамен 3,9 млн оқушы 2023-2024 оқу жылын бітірсе, оның ішінде 186 мың түлек мектеппен қоштасады.

Биыл ұзақтығы 34 апта болған оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

24 мамырда еліміздің барлық мектебінде 1-10 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Мұнда сынып жетекшілері оқушылармен бірге оқу жылын қорытындылайды.

186 мың мектеп бітіруші үшін соңғы қоңырау 25 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында өтеді.

Сондай-ақ емтихандарды өткізу уақыты белгілі болды. 5-8, 10-сынып оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда басталады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11-сынып үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығына жоспарланған.

Аттестаттарды салтанатты тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Осы жерде айтатын бір нәрсе, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Олар: Ақтөбе облысында 9 мектеп, Атырау облысында 3 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысында 5 мектеп.

156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі. Ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама