Әділет министрлігі 2 саяси партияны тіркеуден бас тартқан
Олардың құжаты дұрыс болмаған
Әділет министрінің орынбасары Ботагөз Жақселекова «Алға, Қазақстан» және «Халық дербестігі» атты саяси партияларды тіркеуге рұқсат берілмегенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазір Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген. Бүгінде Әділет министрлігінің қарауында саяси партиялардан түскен қандай да бір өтініш жоқ. Жыл басынан бері министрлікке саяси партияны құру туралы 3 хабарлама түсті. Оның барлығы қаралды. Бір хабарлама бойынша, яғни YNTYMAQ партиясының хабарламасы қолдау тапты. Қалған 2 хабарламаға рұқсат берілмеді. Себебі, олардың құжаттары дұрыс емес. Яғни біз партия бойынша тізімнің сәйкес келмеуіне байланысты «Халық дербестігі», «Алға, Қазақстан» партиясын тіркеуден бас тарттық», - деді Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында.
Айта кетейік, Қазақстанда ресми түрде жеті саяси партия тіркелген:
- «Amanat» партиясы;
- «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
- «Байтақ» жасылдар партиясы;
- «Respublica» партиясы.