×

«Талай құласа да қайтпайды»: Жетісу облысында 3 жасар бүлдіршін аттың құлағында ойнайды

Ернұр екі жасынан есекке мініп үйренген, үшке толмай жатып атқа міне бастаған

 Халық үні 15.05.2024 | 20:54
фото: sputnik.kz

Жетісу облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында аттың құлағында ойнайтын үш жасар бүлдіршін тұрады. Есімі - Ернұр Қанат. Талантты бүлдіршінмен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасып қайтты.

Кішкентай Ернұрды бір жасынан бастап әкесі Алмас атқа мінгенде алдына алып отырғызып үйреткен.

Екі жасынан есекке мініп үйренді. Үш жасқа толмай жатып атқа өзі мініп үйрене бастады. Мінезі ауыр, атқа құмар. Ағаларымен атқа таласып өсіп келеді, - дейді Ернұрдың әкесі Алмас Мұратбеков.
Алмас Мұратбековтың төрт ұлы бар. Ең үлкені 7 жаста, кенже ұл бір жаста.

«Төртеуі де атты жақсы көреді. Ат жоқ болса бір атты кезек күтіп мінеді. Аттан құлаған кездері де болды. Ішінде Ернұр алған бетінен қайтпайды. Аттан талай құлады, құласа да жылап тұрып қайта жабысып мініп алады. Тауда да құлады. Ат ауылға қашып келген. Сонда Ернұр «атты алып кел» деп сол таудың етегінде жылап күтіп тұрды. Беті қайтқан шығар деп едім, жоқ қайтпады», - дейді Алмас.

«Ернұрдың атасы мен нағашы атасы да атқа құмар жандар. Күйеуім де тұлпар баптайды. Төрт ұлым да сондықтан болар, атты ерекше жақсы көреді. Ең кенже ұлым бір жаста, оның өзі атқа жабысады. Өз басым аттан құлап, мертігеді деп қорықпаймын, өйткені әкесіне сенемін», - дейді Ернұрдың анасы.

Алмас Мұратбаев мал дәрігері болып еңбек еткеніне 15 жылға жуықтады. Қазір екі тұлпарды баптап отыр, тіпті су жаңа көлік ұтып алған.

«Жұмысым жақсы, мемлекет көмектесіп жатыр. Қосымша сол тұлпар баптаймын. Негізі төрт тұлпар бар, екеуі әлі үйретілген жоқ. 2015 жылы су жаңа көлік ұтып алдым. Негізі тұлпар қазақтың қасиетті дәстүрі. Оны жандандыру керек. Осы балаларым аттың құлағында ойнайтын мықты азамат болса деп армандаймын», - дейді кішкентай шабандоздың әкесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама