Астанада әріптесінен 2,8 млн теңгені ұрлаған адам ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Ол көшеде қыздың қолынан осыншама ақша салынған пакетті тартып алған

фото: polisia.kz

Астанада 2,8 млн теңгені ұрлаған адам ұсталды. Ол көшеде қыздың қолынан осыншама ақша салынған пакетті тартып алған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол күндізгі уақытта Мәмбетов көшесінің бойымен ақшаны есепшотқа салу үшін банкке бара жатқан. Осы кезде оның артынан келе жатқан белгісіз адам кенеттен қолындағы пакетті жұлып алып, жүгіре жөнелген.

Осыдан кейін ол полицияға хабарласып, мән-жайды айтып берген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті «Сарыарқа» аудандық басқармасының қызметкерлері 26 жастағы ер адамды Майлин көшесінің бойынан ұстады.

Полицияның хабарлауынша, күдікті бір ай бойы сауда саласындағы компанияда тағылымдамадан өткен. Сол жерде жәбірленушінің өзі де жұмыс істеген.

Тонау жасалғанға дейін күдікті қыздың баратын жерлерін уақытына дейін қадағалап отырған. Күдікті кінәсін мойындау кезінде ақшаның көп бөлігін өз қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты.

Аталған факті бойынша «Тонау» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталған ер адамның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.