«Барлық мұғалім аттестациядан өтеді». Министрлік себебін түсіндірді
Жұмыс тобында ұстаздардың пікірі ескерілген
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Қазақстанда барлық мұғалім неге аттестациядан өтетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында министрдің орынбасарына «Мұғалімдер тапсыратын аттестацияның мың құбылып, өзгеріп жатқаны туралы айтылып жатыр. Педагог-зерттеушілер өз санатында қалса, тест тапсырмайтыны айтылған. Кейін оның бәрін алып тастап, олар қайтадан тест тапсыратын болды. Аттестацияда неге нақтылық жоқ? Ол қашан бір жүйеге қойылады?» деген сұрақ қойылды.
Наталья Жұмаділдаева барлық мәселе жұмыс тобында қаралғанын атап өтті.
Педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына 60-тан аса адам бар: педагогтар, білім беру саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Жұмыс тобында 44 рет кездесу өткізілді. Онда әртүрлі мәселе қарастырылып, әртүрлі зерттеулер мысалға келтірілді. Осыған байланысты көптеген норма қабылданды. Мұндай шешім біздің педагогикалық қауымдастықпен бірге қабылданды.
Енді мұғалімдердің тілегіне тоқталайын. Мұнда олардың тілегі, жаңа ережеге қатысты көзқарасы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен сәйкес келмеді. Жұмыс тобында олар (үкіметтік емес ұйымдар өкілдері) аргументтер келтіріп, тест тапсырып, тағы бір толық аттестациядан өткізудің қажеті бар екенін дәлелдеді, - деді вице-министр.
Оқу-ағарту министрлігі президенттің тапсырмасы бойынша педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы бойынша жаңа тәсіл әзірлеген. Осыған байланысты барлық мұғалім аттестациядан өтеді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтарымыздың еңбек тиімділігі «Ұстаз» электронды платформасында бағаланады. Платформа толық цифрландырылып, педагог қызметінің тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда педагогтың практикалық қызметіне басымдық беріледі. Бұл – мұғалімнің сабағын талдау, оқыту әдістерін тиімді қолдана білу, сыныптардағы оқыту сапасы.
Платформаға өту үшін мұғалімнің пәнді қаншалықты деңгейде білетіні бағаланады, педагогика мен әдістеме мәселесі практикаға жатқызылады. Сондықтан жұмыс тобында педагогтар 2025 жылғы қаңтарға дейін өтпелі кезеңнен өтіп, пәндік білімі және оқыту әдістемесі, психология бойынша тест тапсырып, аттестациядан өтеді», - деді Наталья Жұмаділдаева.