Биыл 11-сыныпты 186 мың түлек бітіреді
Қазақстанда су тасқыны кезінде онлайн білім алған 2,6 мың оқушы жазғы мектепке барады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе облысының 9 мектебіндегі, Атырау облысының 3 мектебіндегі және Солтүстік Қазақстан облысының 5 мектебіндегі оқушылар аралық және қорытынды емтиханнан босатылды. Су тасқыны болған кезде өңірлердегі білім ордалары қашықтан оқыту форматына көшкен болатын. Білім олқылығының орнын толтыру үшін ондағы 622 мектепте «жазғы мектеп» ұйымдастырылады, - деді Наталья Жұмаділдаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл 9 және 11 сынып оқушылары 28 мамырдан 11 маусымға дейін емтихан тапсырады.
Биыл 9-сыныпты 341 242 оқушы бітіреді. 29 мамыр мен 10 маусым аралығында олар қорытынды аттестаттаудан өтеді. Сондай-ақ 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. 28 мамырдан 11 маусымға дейін қорытынды емтихан тапсырады.
Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 156 мың студент бітіріп жатыр. Колледж түлектері қорытынды емтиханды 28 маусымға дейін тапсырады. 28 маусым мен 1 шілде аралығында диплом тапсыру рәсімі өтеді», - деді министрдің орынбасары.