Сот жүйесінің әділетсіздігіне ұшыраған азаматтар арнайы комиссия құруды сұрайды

Ербол Тұрымбет

Қоғам белсенділері дербес кассациялық соттар мәселені түбегейлі шеше алмайды деп есептейді

Қоғам белсенділері, фото: Halyq Uni

«Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен екінші мәрте жалпықазақстандық құрылтай өтіп, онда сот пен құқық қорғау органдарының әділетсіз шешімдеріне мен әрекетінен зардап шеккенін айтқан азаматтар мен адвокаттар бас қосты.

Қоғамдық қор басшысы Азамат Нұрболатовтың айтуынша, жиынға қатысушылардың жалғыз өтініші бар: Президент жанындағы әділетсіз сот актілерін қайта қарау жөніндегі арнайы заңды комиссия құру.

Себебі, авторитарлы режимнен еркін қоғамға өткен барлық мемлекетте алдымен судьялар люстрациясы өткен, яғни жүйе тазарған. Бізде қазіргі судьялар соншалықты көп адамды қажет ететін мамандық емес. Бірақ мемлекет ондай қадамға баруы екіталай. Сондықтан, арнайы комиссия мәселенің нақты шешімі бола алады, - дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, сөз болып отырған комиссия сот органдарының жұмысын орындай алмайды, тіпті жүйеге де араласпайды. Тек Жоғарғы сотқа көмекші ретінде түрлі ұсыныс беріп отырады.  

Азамат Нұрболатов мұндай комиссия құруға себеп жеткілікті екенін айтады. Мәселен, елімізде үш деңгейлі сот жүйесі бар болғанымен, іс жүзінде оның екеуі ғана жұмыс істейтінін жеткізді.

«Мәселен, бірінші инстанциядан жеңілген адам апелляцияға береді. Апелляция бірінші соттың шешімін көшіріп, өзгеріссіз қалдыра салады. Ал үшінші инстанция дейтін Жоғарғы сотқа істер іріктеліп барады. Сайып келгенде, бізде тек екі деңгейлі сот қана бар. Дамыған елдерге қарасақ, біз назар ұстайтын батыс елдерінде бес деңгейлі сот жүйесі қалыптасқан. Бірінші сот, апелляция, арнайы кассациялық соттар және Жоғарғы сот. Бұған да көңілі толмағандар үшін Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот бар. Ол ұлттық сот жүйелері шешімдерінің күшін жойып, қайта қарауға жібере алады», - дейді ол.

Қоғам белсендісі арнайы комиссия құру идеясын Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан секілді бірқатар депутат қолдағанын да атап өтті.

Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілгеніне назар аударды.

Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды. Президент әкімшілігі аталған мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін арттыруға жол бермейміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әйтсе де қоғам белсенділері дербес кассациялық сот мәселені түбегейлі шеше алмайтынын айтады. Себебі, ол инстанцияға кассациялық шағыммен алғаш рет баратындар ғана қабылданады. Сондай-ақ бұған дейін Жоғарғы сот шағымын қайтарып тастаған азаматтар ол сотқа кіре алмайды деп есептейді.

Айта кету керек, қоғамдық қордың алғашқы басқосуы 15 сәуірде өткен. Ол жиында 73 адам қол қойған резолюция қабылданып, Парламентке жолданған.