Осы қылмысты ашуға бас криминалист Сергей Матвеев кірісіп, күдіктілер ұсталды
Петропавл қаласында полиция қылмысты аяқ киімнің ізіне қарап ашты.
Былтыр желтоқсан айында бір отбасындағы 3 адам қаза тапқан болатын. Сол кезден бері қылмыс ашылмай келді. Осы қылмысты ашуға бас криминалист Сергей Матвеев кірісіп, ол қылмысты еденнен алынған аяқ киімнің қанды іздері арқылы ашты.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, бас криминалист қылмыс іздерінің жойылғанына қарамастан, бөлмедегі еденнен аяқ киімнің қанды іздерін байқап, осы қылмысты жасады деген күдікпен облыс орталығының екі тұрғынын ұстауға атсалысты.
Ұсталғандар өздерінің қылмысқа қатыстылығын жоққа шығарды. Дегенмен Сергей Матвеев оқиға орнынан алынған аяқ киім ізі мен күдікті адамдардың бірінен алынған аяқ киімге салыстырмалы зерттеу жүргізіп, олардың қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Осылайша, бас криминалистің еңбегі қылмыскерлерге жасаған қылмысын мойындаудан басқа амал қалдырмады.
Қазір ұсталған адамдар сот шешімін күтіп отыр.