Қала әкімі Аян Бейсекин техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады
Екібастұз қаласында коммуналдық желінің 90 пайыздан астамы тозып тұр.
Қала әкімі Аян Бейсекин техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Себебі кәріз жүйесіндегі коллекторды жедел жөндеу қажет.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы болып тағайындалып, оған төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын, – делінген әкім қаулысында.
Бұған дейін Екібастұз қаласы әкімінің төрағалығымен өткен 2024-2025 жылыту маусымына дайындық жөніндегі кеңесте магистральдық желілерді температурамен сынау, магистральдық және орамішілік желілерді гидравликалық сынау мәселелері қамтылған іс-шаралар жоспары талқыланды. Оған «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС өкілдері қатысты.
Осы басқосуда қала әкімі жылыту маусымына дайындыққа облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінетінін, көппәтерлі тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен жекеменшік үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізілетінін айтқан болатын.