Қазір қария - 86 жаста
Ақтөбеде Қуандық Әлішев есімді кәсіпкер 2 жыл бұрын қала маңындағы қорымнан орын алып, өзіне ескерткіш мүсін тұрғызған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының Кірпішті тұрғын алабы маңында үлкен қорым бар. Мұнда қазақтармен бірге өзге этнос өкілдері де жерленген. Кіреберістің сол жақ бөлігінде орналасқан ескерткіш мүсін 2022 жылы салынған. Әкімшілік зираттың кәсіпкер Қуандық Әлішевке тиесілі екенін біледі.
2022 жылдан бастап салды. Үлкен кісі екен. Алдын ала көргісі келген шығар қандай болатынын. Бар болғаны 2-3 айда салып болды. Тек өзіне ғана арналған. Гранит тасты қолданып тұр. Мұнда бұған дейін дәл осылай дайындап қойған адам болды. Бірақ ол кісі қайтыс болып, жерленді. Негізі мұндайды үлкен кісілер жасайды. Оларға тыйым сала да алмайсың. Орын сатылмайды, – деді Кішпішті тұрғын алабындағы орыс зиратының әкімшісі Сәбит Дүйсенов.
Оның айтуынша, адамдар алдымен белгілі бір азаматтың қайтыс болғаны туралы анықтама әкеледі. Содан кейін ғана оны жерлеуге орын беріледі. Жер тегін берілгенмен, мұндағы қабір қазу қызметіне 90 мың теңге алады.
Тірі кезінде зираттан орын алып, бейітін салған кәсіпкер оң жағына тасқа қашатып «Бақытты өмірдің белгісі: Абырой, бала-ұрпақтарың», ал сол жағына «Тынымсыз іздену, мазасыз тірлік – мұратың» деп жаздырған.
Мен 86 жастамын. Осыдан екі жыл бұрын қаңтарда құлап, белім сынып қалып, жаттым. Сол кезде өз балаларымдай болған бастықтар келіп, денсаулығымды сұрады. «Ағаларыңның өліп қалатын түрі бар, жүре алмайды. Алматыда балаларым, інілерім, жақын достарым көп. Жер берсеңдер, солар барлығын жасап береді» деп айттым. Ал зираттың орнын қырдың үстінен өзім таңдап алдым. Жер берген кісілерді кінәлайтын ештеңе жоқ. Сұраған мен кінәлі. Мен салдым, – деді кәсіпкер Қуандық Әлішев.
Ол бейітке қоятын ескерткіш мүсіннің үлгісін өзі таңдап, өзі бекіткен.
Айта кетсек, Қуандық Әлішев – Ақтөбе облысы Темір ауданының тумасы. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында білім алып, ғылыми еңбектер жазған. Қаракөл қойы қозысының ерекше түсті елтірісін алу жолын ұсынған. Түрлі жылдары оның спирт зауыты, шошқа фермасы, құс цехы болған. Қазір көпқабатты үй салып жатыр.