×

Астанада әлемнің беделді дәрігерлері мен ғалымдары кездесті

Форум ғылымды насихаттауға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 14.05.2024 | 17:17
Фото: Nobel Fest баспасөз қызметі

Елордада әлемнің беделді дәрігерлері мен ғалымдары бас қосты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Nobel Fest: Медициналық инновация» тақырыбында өткен фестивальге әлемге әйгілі 40-тан аса дәрігер мен ғалым қатысты. Іс-шараны Инновациялық-профилактикалық медицина институты ұйымдастырды.

Фестивальге Ресейдің бас геронтологы Ольга Ткачева, молекулалық патология саласындағы жетекші маман Игорь Кветной, профессор, медицина ғылымдарының докторы, ФМБМ бас ғылыми қызметкері Дмитрий Семенов, беделді америкалық нейрохирург Сәлім Абдулрауф және тағы басқа медицина саласындағы сарапшылар келді.

Форумды ҚР ҰҒА академигі, профессор, Инновациялық-профилактикалық медицина институтының директоры Валерий Бенберин ашты.

Іс-шара бізге медицина, биоинформатика, жасанды интеллект және клиникалық медицинаның әртүрлі бағыты бойынша өзекті деректермен танысуға бірегей мүмкіндік береді. Мұнда адам ағзасының нейро-иммуноэндокриндік реттелуі саласындағы іргелі зерттеулер мен жасушаларын зерттеудегі соңғы жетістіктер жарияланады. Біз хирургияда роботты енгізу технологиясын пайдалану бойынша тәжірибе алмасып, жұмыстың ғылыми- клиникалық аспектісін талқылай аламыз, - деді ғалым.

Сондай-ақ РФ Геронтологиялық ғылыми-клиникалық орталығының директоры, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс гериатры Ольга Ткачева өмір сүру жасын ұзартуға қандай факторлар әсер ететінін айтты.

«Соңғы 100 жылда медицина технологиясының дамуы нәтижесінде адамның өмір сүру ұзақтығы шамамен 30 жылға ұзарды. Орташа өмір сүру жасы ұзарғанмен максималды өмір сүру жасы ұзармады. Бүгінде әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам – 122 жастағы Жанна Кальман.

Адамның ағзасы әртүрлі қарқынмен қартаяды. Биологиялық жасты қадағалау үшін жүрек-тамыр жүйесін, метаболизм жүйесін, когнитивті функцияны, көзді және тағы басқа ағзаны қадағалау керек. Сондықтан қартаюдың әртүрлі биомаркерлеріне негізделген әртүрлі калькулятор жасалып жатыр. Осындай калькуляторды пайдаланып, қан тамырларының жасын анықтауға болады, - деді дәрігер.

Ресейдің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымдарының докторы Игорь Кветной мұндай фестиваль қоғамда ғылымды кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мұндай ғылыми іс-шараны өткізу іргелі білімнің дамуына ықпал етеді. Білім – біздің басты капиталымыз. Мақсатымыз адам өмірін жақсартуға бағытталған ғылым, өнер және заманауи медицина жетістіктерін сіздерге таныстыру болды», - деді қайраткер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама