Маңғыстау облысындағы мектепте 26 млн теңгеге заң бұзушылық анықталды

Дастан Жұмабекұлы

Қызметкерлерге еңбекақы, негізсіз қосымша ақы мен сыйақылар артық төленген

Фото: smartnews.kz

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №6 жалпы білім беретін мектебінде 26 млн теңгеге заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатасы хабарлады.

Білім мекемесіне қатысты аудиторлық тексеруді Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізді. Нәтижесінде қаржылық және рәсімдік сипаттағы бірқатар бұзушылық анықталды.

Атап айтқанда, жекелеген қызметкерлерге еңбекақы, негізсіз қосымша ақы мен сыйақылар артық төленіп келген. Іссапар тапсырмалары мен  оның құжаттары дұрыс толтырылмаған. Осылайша, жалпы сомасы 25 891,5 мың теңгеге әртүрлі бұзушылықтар анықталған, – делінген хабарламада.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бюджет қаражатын өтеу және бухгалтерлік есепті қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.