×

Биыл ШҚО-ның барлық елді мекені таза ауыз сумен қамтылады

2024-2025 жылдары халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 16 жоба іске асырылады

 Дастан Жұмабекұлы 14.05.2024 | 13:37
Фото: ortcom.kz

Жыл соңына қарай Шығыс Қазақстан облысының барлық елді мекені таза ауыз сумен қамтsлады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Мемлекет басшысы 2021 жылы өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында алдағы 5 жылда халықтың 100%-ын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді жүктеген болатын. Сол кезеңде Шығыс Қазақстан облысында тұрғындардың 97%-ы (722,7 мың адамның 682,2 мың адамы) таза ауыз сумен қамтылған еді. Ауыртпалық негізінен ауыл тұрғындарына түсті. Себебі облыстағы 356 елді мекеннің 274-і немесе 77%-ы ғана сумен қамтамасыз етілді. 205 ауылға су құбыры тартылды. 69 ауылға блокты-модульдік су тазарту станциялары орнатылды. Үш жылда 68 ауыл сумен қамтамасыз етілді, – делінген өңір әкімдігінің хабарламасында.

Бүгінде ШҚО халқының 99%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Бұл – облыстағы 727,1 мың тұрғынның 719,6 мыңы. Қалаларда халық таза ауыз сумен 99,9%, ауылдарда 97,2% қамтамасыз етілген.

Десек те 19 елді мекендегі 7 500 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның 587-сі – қала тұрғындары. Ал 6 913 адам ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 14 ауыл және су құбыры желілерін қайта жаңғыртуды қажет ететін 3 ауылда тұрады.

2024-2025 жылдары халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін облыста жалпы сомасы 17 468,9 млн теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 3 жоба Өскемен мен Шемонаихада, 13 жоба ауылдық жерлерде іске асырылады.

Биыл 8 жобаны аяқтау жоспарланған. Ауылдық жерлерде іске асырылып жатқан 3 жоба облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қосымша қаржыландыруды қажет етіп отыр. Атап айтқанда, олар – Глубокое ауданының Малубинка ауылы, Алтай ауданындағы Малеевск ауылы және Шемонаиха ауданының Убинка ауылы.

Сөйтіп, биыл жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 99,4 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілгелі отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама