Halyq Uni логотип
×

Ауылдан жастар үдере көшіп жатыр: Жамбылдық диқандар түрік компаниясының кесірінен үш жыл егін еге алмайды

Түрік компаниясы орта жолда қалдырған істі енді Иран компаниясы қолға алды

 Ұлдана Жұбай 03.06.2022 | 12:01
Ауылдан жастар үдере көшіп жатыр: Жамбылдық диқандар түрік компаниясының кесірінен үш жыл егін еге алмайды
фото: Halyq Uni

Шу ауданына қарасты Бөлтірік шешен ауылының тұрғындары арна салып береміз деп «алдап-соққан» шетелдік компанияға қатысты базынасын айту үшін жиналды. Ауыл халқының айтуынша, 3 жылдан бері қос каналға қатысты жұмыс жүргізілмей, тұрғындар егін егуден қағылған. Су арнасының құрылысы тоқтағандықтан мың гектарға жуық жер игерусіз алқапқа айналған.

Ризығын жерден тауып отырған ауыл диқандары үшін тіршілік нәрі өте маңызды. Енді су арнасымен айналысып жатқан шетелдік компания істі соңына жеткізбей, судың көзін бітеп отыр екен.

Шу ауданындағы Андреевка, Госфонд су каналдарына қатысты жөндеу жұмыстары осыдан 3 жыл бұрын бітуге тиіс еді. Бірақ жөндеу жұмысы жарты жолда тоқтап қалған. Егін алқабына биыл да соқа сала алмай отырған жұртшылық наразылығын білдірді. Бір жылға жеткізбей бітіруге уәде берген түрік компаниясы ұзындығы 27 шақырым арнаның тек 10 метріне ғана бетон төсеген.

Шашыңды жұлып жылағың келеді. Біздің қолымыздан келетін ештеңе жоқ. Облыс әкімі біледі, аудан әкімі біледі. Енді бұл мәселе Президент келсе ғана шешілетін шығар? Осы каналдың құрылысы басталғалы ауылда арпа, бидай - ешқандай өнім болған жоқ, егін егілген жоқ, – дейді  Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны Құдайберген Шомаев.

Су тапшылығына жанына батқан тұрғындар осындай келеңсіздіктен кейін ауыл жастары қалаға көшіп жатқанын айтты. Өйткені, ала жаздай егіс алқабында жүретін жастар үшін қазір «екі қолға бір күрек» табылмай отыр.

«Еститін үкімет» дейді. Екі жыл бойы суға жете алмай отырмыз. Мәселемізді күнде айтып жүрміз. Оған құлақ асып жатқан жан жоқ. Міне, суды былай қойғанда, ауылдан да жастар үдере көшіп жатыр. Жұмыс жоқ, соның салдарынан бәрі беті ауған жаққа кетіп жатыр», - дейді тағы бір ашынған тұрғын.

Жауаптылардың айтуынша, 4 млрд теңгенің тендерін жеңіп алған түрік компаниясы су арнасының құрылысын сапасыз жүргізгендіктен, бұл істен шеттетіліпті. Су ресурстар комитетінің өкілдері бүгінде сол компаниямен соттасып жатқанын алға тартты. Енді бес мың алқапқа су жеткізетін 15 каналды салуға ирандық компания кірісіпті.

«Түрік компаниясы 3 млрд 750 млн теңгеге ұтып алған болатын. Бірақ ол кестеге сай жұмыс істемегені үшін келісімшартты үзуге мәжбүр болдық. Енді Иран компаниясы бұл жұмыстарды 2023 жылдың қараша айында аяқтау керек. Олар тендерді 4 млрд 875 млн теңгеге ұтып алды», - деді  «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев.

Аяқсыз қалған істі қолға алған Иран компаниясы осыдан екі ай бұрын бастаған жұмысын шамамен бір жарым жылдан кейін аяқтамақ. 15 арнаның 13-не бетон қаптама төселеді. Тұрғындардың айтуынша, арна құрылысы аяқталмай, алқапты суғару мүмкін емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама