Halyq Uni логотип
×

Елімізде көшпенділер визасы әзірленіп жатыр

Бүгінде 82 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келе алады

 Дәурен Ерболат 14.05.2024 | 12:00
Елімізде көшпенділер визасы әзірленіп жатыр
Фото: Halyq Uni

Елімізде шетелдіктерге ұзақ болуға мүмкіндік беретін Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша туризм коронавирус пандемиясынан кейін толық қалпына келіп, тарихи деңгейде жоғары көрсеткішке қол жеткізген.

Былтыр елімізге 9,2 млн шетелдік келді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 2022 жылғы көрсеткіш – 4,7 млн адам. Ел ішінде 9,6 млн-нан аса адам саяхат жасады. Бұл – 2022 жылғы көрсеткіштен 1 млн адамға көп. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден аса соммаға қызмет көрсетті. Бұл – 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп. Туризмнен бюджетке 450 млрд теңге салық түсімдері түсті. Бұл – 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық, - деді Ермек Маржықпаев Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр шетелдік туристер тарапынан көптеген шағым түсетінін жеткізді.

Туроператорлардың хабарлауынша, шетелдік келушілер визалық көші-қон порталының техникалық ақауларына байланысты виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Салдарынан туроператорлар шетелдік туристер үшін брондалған билеттерді алып тастауға мәжбүр болды.Осыған байланысты елге келгеннен кейін виза алу бойынша әуежайлардағы көші-қон қызметтерінде персонал санын көбейту және оның порталының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ұсынылады, - деді ол.

Сондай-ақ Ермек Маржықпаев шетелдіктер үшін виза алу рәсімі жеңілдейтінін атап өтті.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдіктерге елімізде ұзақ болу құқығын беріп, қазіргі заманғы көшпенділердің визасын (NEO Nomad Visa) енгізу мәселесі қаралып жатыр. Мұны іске асырсақ, жыл сайын 3 млрд теңгеден аса пайда түседі деген болжам бар. Қазір Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде 82 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келе алады, халықаралық әуе қатынасы 108 бағыт бойынша 29 елмен орнаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама