×

Қаңтар оқиғасы: ҰКК өңірлерде қару ұрлаған күдіктілерді ұстады

Барлығы 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді

 Дәурен Ерболат 03.06.2022 | 11:59
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтарды тауып, күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.

Биыл сәуір-мамырда ҰҚК және оның аумақтық департаменттері қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды табу үшін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз айналымдағы қару-жарақтар табылды.

Алматы облысында «Байкал» тапаншасы, 2 мылтық, 10 граната және әр-түрлі калибрлі 104 оқ жасырылған орын табылды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардан 3 бірлік қару мен 109 оқ-дәрі тәркіленді.

«Сондай-ақ «Макаров» тапаншасын сату кезінде өңірдегі қылмыстық топтың өкілі ұсталды. Оның тұрғылықты жері бойынша қаңтар оқиғасында Талдықорған қалалық полиция басқармасынан ұрланған тағы бір тапанша тәркіленді. Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды, оның ішінде Президент резиденциясына шабуыл жасағандарды ұстау барысында «Глок» маркалы тапанша мен 29 оқ және 3 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді», - деп жазылған хабарламада.

Тергеудегі «Қазақстандық» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері өз еріктерімен 39 бірлік қару, 1 дауыстық граната, 1 броньды сауыт және 98 оқ тапсырды.

Полиция органдарымен бірлесіп, «Қорған» аңшылық дүкенінен қару ұрлауға қатысы бар күдіктілер ұсталды. Олар басқа өңірде тұратыны анықталды. Тінту барысында күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша оптикалық нысана, тегіс ұңғылы оқпен жабдықтауға арналған станок, ASG страйкболға арналған мылтық алынды.

Жамбыл облысында «Калашников» автоматы, револьвер, «Сайга» карабині және 328 оқ-дәрі жасырылған орын табылды.

Қызылорда облысында «Калашников» автоматы, «Макаров» тапаншасы, «Борз» тапанша-пулеметі, «Сайга» карабині, «Ф-1» гранатасы және 59 оқ-дәрі жасырылған орындар анықталды.

Шығыс Қазақстан облысында полиция департаментімен бірлесіп, жасырын жерден 1 шолақ мылтық, 1 «РГ-42» гранатасы, 168 оқ-дәрі және 1 броньды сауыт алынды.

Түркістан облысында полиция органдарымен бірге «Мосина» маркалы мылтық тәркіленді.

Заңсыз айналымнан барлығы 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама