Су тасқынынан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада белгілі болады – Үкімет
Елімізде 13 мыңға жуық үйді су басқан
Елімізде су тасқынынан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада толық есептеліп, сомасы белгілі болады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, Атырау облысында 500 шақырымнан астам бөгет салынған.
«Осы аптада Атырау облысында су тасқыны қалыпты кезеңі болады. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер және Махамбет аудандарында су бекеттерінде қалыпты белгіден асып түсіп отыр. Өңірде тиісті бөгеттерді күшейту жұмыстары жалғасуда. Осы өңірде барлығы 500 шақырымнан аса бөгет салынды», - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Еліміздің 8 өңірінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр.
Ақтөбе облысында 2 елді мекен әлі көлік қатынасынсыз отыр. Олар азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Үш өңірде індеттен қырылған мал көмілген 10 жерді су басқан болатын. Қазір тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шараларды жүргізіп жатыр, - деді вице-премьер.
Қанат Бозымбаев су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 7 мыңнан аса адам, 1900 техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылғанын жеткізді.
«Су басқан аймақтардан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 44 мыңы балалар. Бүгінде 55,6 мың адам үйіне оралды. Эвакуация пунктерінде шамамен 5 мың адам қалды, 58 мыңнан астам адам туыстарының үйінде орналасқан.
Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалды, оның ішінде 3 өңірде (Ақтөбе (144 үй), Атырау (14) және Солтүстік Қазақстан (106) облыстарында 264 үй әлі де су астында. Сондай-ақ 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, онда 18 025 саяжай үйі бар», - деді ол.
Қанат Бозымбаев су тасқынынан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада белгілі болатынын атап өтті.
Қазір зардап шеккен үйлерді және саяжайларды талдау, бағалау жұмысы жалғасып жатыр. Келесі аптада тиісті шығын сомасы белгілі болады, - деді Қанат Бозымбаев.
Бүгінде 20 мың 600 отбасыға 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде біржолғы төлем төленген. Қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге.
680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды. Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, - деді вице-премьер.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жағдайды жіті бақылауды тапсырды.
«Атырау облысында елді мекендерді су басу қаупі әлі сақталып отыр. Сондықтан тиісті құрылымдар тасқынға қарсы жұмыстарды жалғастыруы қажет. Әсіресе, Индер және Махамбет елді мекендеріндегі жағдайды ерекше бақылауға алу керек. Онда Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті. Эвакуация бекеттері кез келген уақытта адамдарды қабылдауға дайын болуға тиіс. Күштер мен құралдар да сақадай сай тұруы керек.
Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін», - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Ақтөбе облысындағы 2 елді мекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы қалпына келтірілмегенін, онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің болуын мұқият бақылауға алу керектігін атап өтті.
«Жарықсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету керек. Сондай-ақ су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Келген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шара белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет», - деді Олжас Бектенов.