Halyq Uni логотип
×

Көшпенділер ойындарына шетелдік еріктілерден де өтініш түсіп жатыр

Әзірше 12 мемлекеттің жастары волонтер болғысы келеді

 Дастан Жұмабекұлы 14.05.2024 | 09:46
Көшпенділер ойындарына шетелдік еріктілерден де өтініш түсіп жатыр
Фото: gov.kz/Астана қаласының әкімдігі

Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына осы жарысты ұйымдастыру дирекциясы еріктілерді іріктеп жатыр.

Волонтерлік өтінімдерді қабылдау биыл қаңтарда басталған болатын. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының ақпараты бойынша, бұл жұмыспен Астананың 13 жоғары оқу орны қамтылған. Оның ішінде Turan-Astana университеті, Maqsut Narikbayev University, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ, дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, «Астана» медицина университеті, Astana IT University, М.В. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ESIL University, «Астана» халықаралық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты бар.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаевтың айтуынша, наурыз айында студенттерді еріктілер қатарына шақыру бойынша Астана қаласының 29 колледжінде кездесулер өткізілді. Сондай-ақ Астана қаласының Есіл, Алматы, Нұра, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушыларымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат беру және еріктілер қатарына шақыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылды. Аталған орталықтардан 20 өтінім түскен. Бүгінде өтінімдердің жалпы саны – 4 683.

Ойынға еріктілерді тарту мақсатында барлығы 12 мыңнан астам студентті қамтитын 95 кездесу өткізілді, – деді Абылай Қондыбаев.

Сонымен бірге ол өтінімдердің Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Вьетнам, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, Беларусь пен Гана Республикалары тұрғындарынан да түсіп жатқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама