×

БАӘ-дегі дау: СІМ шетелдегі дипломаттардың психологиялық жағдайын тексереді

Қызметінен босатылған Сәкен Мамаш 15 жылдан аса уақыт дипломат болған

 Дәурен Ерболат 13.05.2024 | 17:40
фото: СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінен шыққан даудан кейін шетелге шығатын дипломаттардың психологиялық жағдайы тексеріледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
 
Бұған дейін БАӘ-дегі қазақстандық дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұраған еді.

Сыртқы істер министрлігі оқиға болған сәттен бастап істі ерекше бақылауға алды. Карина Мамаштың жұбайы 6 мамырда елшіліктен дереу Қазақстанға қайтарылсын деген тапсырма берілді. 9 мамырда (Сәкен Мамаш) елге келгеннен кейін, оны заңнамаға сәйкес қызметінен босаттық, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкіл елшіліктің бұрынғы қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатқанын атап өтті.

Біздің бұл қылмыстық іске араласа алмайтынымыз түсінікті. Бүгін Карина Мамашпен кездестім. Ол бүкіл мән-жайды айтып берді. Сыртқы істер министрлігі Каринаға барлық көмекті көрсетеді, - деді ол.

Айбек Смадияров қызметінен босатылған Сәкен Мамаш 15 жылдан аса уақыт дипломат болғанын жеткізді. Оның айтуынша, СІМ осы даудан кейін шетелде жұмыс істейтін қазақстандық дипломаттардың психологиялық жағдайын тексереді

«Жыл сайын шетелге шығар алдында министрлік қызметкерлері арнайы тестілеуден, түрлі комиссиядан, сондай-ақ психологиялық тексеруден өтеді. Бұл жұмысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп қолға алдық. Сондықтан барлық қызметкер психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан арнайы тесттен тағы да өтеді», - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама