Қазақстан Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы су алады
Еліміз үшін оңтүстік өңірлерді де сумен қамтамасыз ету маңызды
Биылғы суару кезеңінде Қазақстан Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы 922 млн текше метр су алады, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов құрамына Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның өкілдері кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 86-шы отырысына қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы келісімге қол қойды.
Қазір Түркістан облысының Шардара су қоймасына 4,8 млрд текше метр су жиналып отырса, еліміздің оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Тоқтоғұл (Қырғызстан) су қоймасына 8 млрд текше метр су жиналды. Сондай-ақ отырыста осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі бекітілді. Отырысқа қатысушылар жыл басынан бері еліміз төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты жеке талқылады. Бүгінде Қазақстан тарапы барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасы әзірленіп жатыр, – делінген хабарламада.
Ведомство басшысы комиссияның отырысында еліміздің басты міндеті – тасқын суын жинау екенін, оны Каспий, Балқаш, Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне және басқа да өзен-көлдерге бағыттайтынын айтты. Ол оңтүстік өңірлерді де сумен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
МСШҮК-нің келесі отырысы биыл қыркүйек айында Түркіменстанда өтеді.