×

«Наурыз» бағдарламасы бойынша қалай пәтер алуға болады?

Биыл өтінім мамыр айының соңына дейін қабылданады

 Дәурен Ерболат 13.05.2024 | 14:57
фото: Halyq Uni

«Отбасы банкі» АҚ орталық филиал директоры Жансұлтан Матай «Наурыз» бағдарламасының шартын түсіндіріп, қазақстандықтарға кеңес берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір аталған бағдарлама бойынша 9 мыңға жуық қазақстандықтың өтініші қабылданған.

«Наурыз» бағдарламасының басты шарттары:

  • Алғашқы жарна – 20 пайыз;
  • «Отбасы банкінің» депозитінде кемінде 1 млн теңге болуы керек;
  • Тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін несие мөлшерлемесі – 7%;
  • Азаматтардың барлық санаты үшін несие мөлшерлемесі – 9%;
  • Несиенің мерзімі – 19 жыл;
  • Қарыздың ең жоғары мөлшерлемесі Астана, Алматы қалаларында – 36 млн теңге, ал қалған өңірлерде – 30 млн теңге.

Бағдарламаға қатысушыларға ұпай беріледі.

Кім көп ұпай жинаса, сол үй алушылар тізіміне енеді:

  • Тіркелген некенің болуы – 5 ұпай;
  • Балалардың болуы – 10 ұпай (балалардың санына басымдық берілмейді);
  • Баспана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы деген мәртебе болса, 10 ұпай;
  • Салым бойынша сыйақы мөлшерінің әрбір 1 мың теңгесіне – 1 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгі жастарға – 5 ұпай.

Қатысушылардың ұпай саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде салым сомасы кімде көп және кімнің жинақтау мерзімі ұзақ болса, басымдық сол адамға беріледі, - деді Жансұлтан Матай.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін бағдарламаның нәтижесі «Отбасы банкінің» сайтына жарияланады. Сондай-ақ бағдарламадан өткен тұрғындар пәтерді банктің сайтынан көре алады. Құрылыс компаниясына барудың қажеті жоқ.

Бағдарламаға қатысушы пәтерді Baspana Market-тен таңдайды. Үйді сонда брондайды. Бұл қызмет тұрғын үй бағасының жасанды жолмен өсуіне жол бермеуге арналған. Демек төлем қабілетін растаған қазақстандықтарға қаланы аралап, құрылыс компанияларының сату бөлімдеріне барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Барлық үй Baspana Market порталында тұр, сол жерден таңдауға болады, - деді басшы.

Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы биыл 25 сәуірде іске қосылған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама