Министрлік жұмыссыз жүргендерге тасқыннан зардап шеккендерге үй салуды ұсынды

Еркеғали Болатұлы

Жобаға арнайы білімі жоқ еңбек күшінің қатысуы да маңызды

фото: Halyq Uni

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтарды су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй салуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге қатысуға шақырады, деп хабарлады ведомство.

Осы мақсатта министрлік адамдарды жұмыспен қамтудың «Бірге салайық!» атты жаңа жобасын қолға алды.

Адам ресурстарын дамыту орталығы «Бірге салайық!» жобасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету үшін арнайы платформа әзірледі, - делінген хабарламада.

Бұл – электронды еңбек биржасындағы жаңа модуль. Мұнда өңірлерге тұрғын үй қорын және инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектескісі келетін кез келген адам бос жұмыс орындарын қарап, оның кез келгенін таңдап, сол бойынша сұхбаттан өте алады. Осы уақытқа дейін платформаға 42 бос жұмыс орны жарияланған.

Бұл жобаның маңыздылығы – біздің жұмыс тапқысы және су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге атсалысқысы келетіндердің барлығын жедел жұмыспен қамту үшін цифрлық ортаны қамтамасыз етуімізде, - деді министр Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, қазір ведомство жұмыс берушілер мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер базасын кеңейтіп жатыр.

Өңірлер үшін білікті мамандармен қатар, арнайы білімі жоқ еңбек күшінің қатысуы да маңызды, - деді министр.

Ведомство қазақстандықтарды жобаға қатысуға және зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге үлес қосуға шақырады.