Биыл қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды?
1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 94 мың этникалық қазақ оралған
2022 жылы 5 679 этникалық қазақ елге оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Өзбекстаннан – 68,7%, Қытайдан – 10,4%, Түрікменстаннан – 8,8%, Моңғолиядан – 2,6% және тағы басқа елдерден 9,5% қоныс аударған.
Этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,1%), Маңғыстау (18,8%), Түркістан (10,3%) және Жамбыл (6,2%) облыстарына, Алматы (6%), Нұр-Сұлтан (6,9%) және Шымкент (7,9%) қалаларына қоныстанған.
Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 63,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар саны – 22,8% және зейнеткерлер саны – 14%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша жоғары білімділері – 11,4%, орта кәсіби білімділері – 40,3%, жалпы орта білімділері – 46,6%, білімі жоқтар – 1,7%.