Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінуі мүмкін
«Отбасы банкі» мен әкімдіктер су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар үшін жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосуды қарастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова су тасқынынан зардап шеккендер туралы деректер жиналып жатқанын жеткізді.
Қазір біз әкімдіктермен бірлесіп барлық статистиканы жинап жатырмыз. Осы азаматтардың арасында неше адам (баспана) кезегінде тұр? Жалпы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтішін қабылдауға жоспарымыз бар, - деді басқарма төрағасы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
«Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры – орталық филиал директоры Матай Жансұлтан жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосуға болатынын жеткізді.
«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі – Атырау және Батыс Қазақсан облысы әкімдіктерімен келіссөз жүріп жатыр. Облыстардың өз қаражаты есебінен өңірлік бағдарлама жасау арқылы сол адамдарды (су тасқынынан зардап шеккендерді – авт.) қолдау жағы қарастырылуда... Мысалы, облыс бюджетінен су тасқынынан зардап шеккен адамдарға жеңілдетілген ипотекаға ақша берілсе, біз оны реттеп, әрі қарай бағдарлама ретінде жеңіл шартпен несиелеуге дайынбыз. Бүгінде көліссөз жүріп жатыр», - деді банк өкілі.