Шымкентте ғимарат қабырғаларынан 3 мыңнан аса есірткі жарнамасы табылды
Интернет-ресурстардың нөмірлері мен атаулары көрсетілген граффити бүріккіш бояумен өшірілді
Шымкент қаласында полицейлер ғимараттардың қасбеттерінде қалдырылған граффити түріндегі есірткі жарнамасын тапты, деп хабарлады otyrar.kz.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары есірткіні насихаттаған 3 мыңнан астам жазуды анықтаған.
Қала аумағындағы ғимараттардың, қоршаулардың, аялдамалардың және басқа да қасбеттердің қабырғаларынан есірткі заттарын тұтынуды және оны сатуды насихаттаған интернет-ресурстардың нөмірлері мен атаулары көрсетілген граффити бүріккіш бояумен өшірілді, – делінген хабарламада.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
Бұған дейін ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Жастар ресурстық орталығы, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес мүшелерімен бірігіп өткізген «Есірткіге жол жоқ!» акциясы кезінде Әл-Фараби, Абай аудандарында бірнеше сағатта 50-ден аса граффити боялып, есірткі жарнамалары жойылған болатын.
Сонымен бірге «Стоп-граффити» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қала аумағында жалпы саны 731 есірткі жарнамасы жойылды.
Есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді заңсыз насихаттаудың жолын кесу және жарнамаларды жою жұмысына 158 тәртіп сақшысы мен 342 ерікті жұмылдырылды.
Акция кезінде Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші мен Тұран ауданында қабырғаларға салынған есірткі сайттарын жарнамалайтын жазбалар өшіріліп, оның орнына «Stop-граффити» таңбасы басылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет сағатында депутаттар Шымкентте есірткі жарнамаларының көбеюіне қатысты өз наразылықтарын білдірген болатын. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында да осыған байланысты көптеген сауал туындаған еді.