×

«Наурыз» бағдарламасы: 9 мыңға жуық қазақстандықтың өтініші қабылданды

Бағдарлама аясында өтініш беру маусым айының соңына дейін жалғасады

 Дәурен Ерболат 13.05.2024 | 12:10
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазір «Наурыз» бағдарламасы бойынша 8,9 мың өтініш қабылданды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 25 сәуірде «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

«10 мамырдағы жағдай бойынша 17 432 қазақстандық өтініш берді. Оның ішінде 8 945 өтініш қабылданды. Олардың жартысы, яғни 3 955 өтініш тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобынан түсті. Бұл – көпбалалы отбасылар, жетім балалар, үйі апатты деп танылғандар», - деді Ляззат Ибрагимова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

«Отбасы банк» басшысының айтуынша, бағдарлама аясында түскен өтініштердің 57%-ы әйелдерге тиесілі, ал барлық өтініштің 62%-ы 35 жасқа дейінгі жастар саналады.

Өтініш берген ең жас азамат – Түркістан облысының тұрғыны. Ол – 18 жаста, - деді Ляззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры – орталық филиал директоры Матай Жансұлтанның айтуынша, «Наурыз» бағдарламасы аясында өтініш маусым айының соңына дейін қабылданады.

Оның айтуынша, банк бағдарламаға қатысушыларды дүрліктірмеу, әбігерге салмау жағын қарастырған.

«Мысалы, өтінішті тез және ерте беру керек деген әңгіме бар. Осындай болмас үшін өтінімдерді қабылдау 1,5 айға дейін созылады, яғни маусым айының соңына дейін. Бүгінде өтініш беріп үлгермеген тұрғындарға осындай мүмкіндік бар. Сіз өтінішті бірінші күні бересіз бе, әлді соңғы күні бересіз бе, айырмашылық жоқ. Сондықтан қатты асықпай, өтінім берерде барлық құжатты түгендеп барып берген жөн», - деді Матай Жансұлтан.

Бұған дейін «Наурыз» бағдарламасы аясында ипотека алуға кімдер қатыса алатыны белгілі болған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама