Ауғанстанда су тасқынынан 300-ден аса адам қаза тапты

Дастан Жұмабекұлы

БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, мыңға жуық үй қираған

Фото: news.cn

Ауғанстанның солтүстігіндегі бірнеше провинцияда маусымдық толассыз жауған жаңбырдың соңы су тасқынына ұласып, соның кесірінен 300-ден аса адам қаза тапты.

БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, 1 мыңнан аса үй қираған, деп хабарлады dw.com. Ал «Талибан» қозғалысының жексенбіде жариялаған дерегіне сүйенсек, сол күні 315 адам көз жұмып, 1 600-ден аса адам ауыр жарақат алған.

Су тасқыны Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Бағлан, Тахар мен Бадахшан провинциясында болған.

Талибанның табиғи апаттарды басқару министрлігі су тасқыны ел астанасы – Кабул қаласын да айналып өтпегенін хабарлады. Қазір зардап шеккен аймақтарға азық-түлік пен басқа да көмек жіберіліп жатыр. Құтқару топтары жасақталуда.

Еске сала кетсек, онда сәуір айында толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны салдарынан кемінде 70 адам қаза тапқан еді.

Save the Children халықаралық қайырымдылық қорының мәлімдеуінше, су тасқынынан балалар көп зардап шегіп жатыр. Мысалы, Бағлан провинциясында 600 мың адам тұрса, соның тең жартысынан көбі – балалар. Ол жерде 315 мың бала тұрады.