Halyq Uni логотип
×

Бишімбаев ісі: судья алқабилермен бірге кеңесу бөлмесіне кетті

13 мамырдағы сот отырысында алқабилер жауап беруі керек сұрақтар оқылды 

 Айгерім Таубай 13.05.2024 | 09:53
Бишімбаев ісі: судья алқабилермен бірге кеңесу бөлмесіне кетті
Фото: Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қуандық Бишімбаевқа қылмыстық кодекстің 99-бабы және 110-бабы бойынша айып тағылған.

Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша айыпталып отыр.

Іске төрағалық ететін судья Айжан Құлбаева 13 мамырдағы сот отырысында үкім шығару барысында алқабилер кеңесу бөлмесінде жауап беруі керек сұрақтарды оқыды. Оның ішінде, Бишімбаевқа қатысты ҚК 110-бабы бойынша қойылған сұрақтар:

  • 2022 жылдың 16 желтоқсанынан 2023 жылдың 9 қарашасына дейін, 2022 жылдың наурыз, сәуір, қазанында, сондай-ақ 2023 жылдың жазында Астана және Алматы қалаларында жәбірленуші Нүкеноваға денесінің түрлі бөлігін және басынан ұру арқылы физикалық қысым жасалғаны, ар-намысына тию арқылы моральдық қысым жасалғаны дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетті сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
  • Сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағанына кінәлі ме?
  • Жәбірленуші Нүкенованың сотталушы Бишімбаевпен бірге тұра бастаған уақыттан бастап өз бетінше ақша табуды доғарып, оған материалдық тұрғыда тәуелді болды ма?

Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қойылатын сұрақтар реті:

  • 2023 жылдың 9 қарашасында шамамен түстен кейін Астанадағы Bau мейрамханасында жәбірленуші Нүкенова бас-ми жарақаты салдарынан қайтыс болғаны дәлелденді ме?
  • Бұл жарақат жәбірленуші Нүкеноваға басына бірнеше соққыны саналы түрде жасау арқылы мақсатты түрде өлтіргені дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетті сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
  • Сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағанына кінәлі ме?
  • Сотталушы Бишімбаевтың жәбірленуші Нүкенованы ұрып-соғып, оған су мен ұйқы бермей қорлап, аясусыз физикалық қысым жасау арқылы өлтіргені дәлелденді ме?
  • Нүкенова басынан алған жарақат саналы түрде жасалғаны, оның денсаулығына аса ауыр зиян келтіргені, соның салдарынан қайтыс болғаны дәлелденді ме? Сотталушы Бишімбаевтың бұл әрекетті жасағаны дәлелденді ме және сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағаны үшін кінәлі ме?

Айта кетейік, судья Айжан Құлбаева шешім шығару үшін 10 негізгі алқабимен бірге кеңесу бөлмесіне кетті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама