×

Қазақстанға алғаш болып коронавирус індетін «әкелген» елордалық сот төрағасы қызметінен босатылды

Тілектес Бәрпібаев 10 жылға жуық елордалық сот төрағасы болды

 Ербол Тұрымбет 03.06.2022 | 10:58
Фото: sud.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев қызметінен босатылды. Бұл туралы ақпаратты елордалық соттың баспасөз қызметі растады.

Тілектес Бәрпібаев 1960 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Әр жылдары Алматы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымында болды.

2007 жылдан 2012 жылға дейін – Алматы сотының төрағасы, 2012 жылдан 2013 жылға дейін – Алматы облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

2013 жылы Астана қаласы сотының төрағасы лауазымына тағайындалды. Осылайша, Тілектес Бәрпібаев бұл лауазымда 10 жылға жуық қызмет атқарды.

Еске салайық, 2020 жылы пандемия өршіген тұста Нұр-Сұлтан сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың жекеменшік ұшағына байланысты дау шыққан еді. БАҚ беттерінде Нұр-Сұлтан қаласы соты төрағасының Германияға жекеменшік ұшақпен барып, коронавирус жұқтырғаны жазылды.

Кейінірек Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Германиядағы елшілігінде қызмет атқаратын дипломаттың туыстары барғанын, олардың бірінен коронавирус анықталғанын растады. Сол кезде елордалық сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев демалыста болған. Сосын медициналық қызмет алу мақсатында құдасына тиесілі жекеменшік ұшақпен Германия клиникаларының біріне емделуге барған-тын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама